{metadescription}
Үйдің ауласынан адам мүрделері табылды
Үйдің ауласынан адам мүрделері табылды

Үйдің ауласынан адам мүрделері табылды

Қарағанды облысында ауыл тұрғынының ауласынан адам мүрделері табылды. Үй қожайыны жер қазғанда адамның сүйегін тауып шалқасынан түсе жаздаған. Жергілікті билік пен полицияны құлағдар етіп, табыттарды қазып алу керек болған. Алайда арада бес күн өтсе де, қолқаны қабатын бас сүйектері ашылған мүрделер аулада әлі жатыр. Ауыл әкімі қарасын көрсетпей, жіберген жұмыскерлері іс тындырмай табанын жалтыратқан. Ауласы бейітке айналған азамат КТК арнасына шағымданғанда ғана атқамінерлер ауылға жетіп келген.  

Алдабековтер отбасы орталық су жүйесіне қосылуға шұңқыр қазған. Қоршауға жақындағанда күрек ағашқа тиіп, арасынан бір адамның басы мен қол сүйектері шығыпты. Полиция шақыртылып, ағаш табыттың айналасы кеңейтілген. Артынша екінші табыт көрініп, кейін жанына үшіншісі де табылыпты. Жергілікті билік мүрделер де қазып алынып сараптамаға жөнелтетін болған. Алайда бес күн өтсе де табыттар жатқан қоршаудың сыртқы бөлігі әлі қазылып бітпеген.

Азат Алдабеков, Мұстафин ауылының тұрғыны:

- Бүгін, міне, 17ші қыркүйек. Мүрделердің басы ауламда ашық жатыр. Ал мына жағы қазылып бітпеді. Сенбі күні 5 адам келіп екі сағат жұмыс істеді де, «басымыз айналды» деп кетіп қалды. Содан бері өз күшімізбен тырбаңдап жүрміз. Ауыл әкімдігіне арыздансақ, «қайда барсаң онда бар, өз шаруаңды өзің шеш» деп отыр. Бес күн бойы өліктің қасында жатырмыз. 

Ал ауыл әкімі бұдан хабардар болса да, қарасын әлі көрсетпепті. Оның орнына бүгін ауданнан шенділер жетіп, наразы тұрғынның арызын тыңдады.

- Қазір трактор әкеледі, тракторға төлейді.

- Бұның бәрін кім ұйымдастырады?  

- Әкімдік.

- Ал барлығына ақшаны кім төлейді?

- Әкімдік.

- Ендеше неге шешпейді, мамандар неге сонша сауатсыз?  

Айдан Әлімов, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:

- Жергілікті атқару органы өз жұмысына салғырт қараған. Оған бүгін көзім жетіп отыр. Ауыл әкімі тұрғынмен кездесіп мәнжәйді түсіндіруі керек еді. Мына жұмыстарды да қадағалап аяғына жеткізуі тиіс болған. Барлығын тексереміз.

Мұстафиннің байырғы тұрғындары ауылдың осы бөлігі ескі замандағы «қорымның үстіне салынған» дейді. Сөздерінің жаны бар. Өйткені 2015 жылы көшеге су құбыры төселгенде адамның сүйектері көптеп табылған. Сараптамадан кейін басқа жерге көміліпті. Шенділер осы жолы ауладан табылған сүйектерді де ережеге сай жөнелтеміз деп шуылдады.

Үй қожайынының арызынан кейін мұнда аудан әкімінің орынбасары, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы, ауылдық әкімшілік мамандары және жергілікті полиция бөлімінің бастығы да келіп жетті. Айтуларынша бұл жердегі мүрделерді тез арада қазып алып, тез арада сараптама жасатып, тез арада қайта жерге көмеміз дейді. Бір топ адам осылайша уәдені үйіп-төгіп жатқанда, бір шұңқырды таңертеңнен бері жалғыз адам итеңдеп әлі қазып жатыр.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде