{metadescription}
Алматы: Теректіліктер ескі ғимарат пен ойдым жолдардан зәрезап болды
Алматы: Теректіліктер ескі ғимарат пен ойдым жолдардан зәрезап болды

Алматы: Теректіліктер ескі ғимарат пен ойдым жолдардан зәрезап болды

Алматыдағы Теректі елді мекенінің тұрғындары ескі ғимарат пен ойдым-ойдым жолдардан әбден зәрезап болғанын айтып шу шығарды. Олар құрылысы қираған нысан жекеменшікке өткелі өңшең бұзақылар мен қаңғыбастардың мекеніне айналды деп отыр. Ал ғимарат иесі белгілі актер екен. Аталмыш нысанның кесірінен мектепке баратын балаларының әрі-бері өтуі қиындаған.

Ал жол мәселесінің жөні бір бөлек. Ауыл жұрты бұл жағдайдың жылда қайталанатынына және мәселенің түбегейлі шешілмей келе жатқанына қапалы.

Жылу жүйесі ғимаратының жеке меншікке өткеніне 20 жыл болған. Орталық көшеде орналасқан нысан бүгінде қаңырап қоқыс алаңына айналыпты. Тіпті мұнда екі жыл бұрын адам өлімі болып, бір қыз өз-өзіне қол салған дейді жұрт. Ал қыстың күні бұл жерді қаңғыбастар паналайды.

Қоршауы жоқ қараусыз кешен маңынан күнде мектепке қатынайтын балаларына алаңдаған тұрғындар кейде нөмірсіз көліктердің де осында келіп тұрақтайтынын айтады.

Сара Жүнісова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Қоқыс көп. Мынау барабара қыстың күні баллон жағылып, мынаның ішіне адам қаптайды. Қаңғыбастар толып жүр. Сол кезде қайтеміз, балаларды қайтеміз?! Бай болғаннан кейін, қалтасында ақша болғаннан кейін халықтың дауысын, жанайқайын естігісі де келмейді.

Жұрттың айтуынша, қираған кешен белгілі актерге тиесілі екен. Көршілер оның бірнеше рет нысанға келіп тексеріп кеткенін де көріпті. Ауыл халқының бас аурына айналған мәселе бұл ғана емес. Жыл сайын жолдың жайы да жырға айналған. Тіпті жедел жәрдем көліктері көшеге кіре алмай кеткен күндер де болыпты.

Сәуле Қамашева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Міне, күзде жаңбыр бастала ма, шалшық су, лай. Сол кезде оқушы балалар тайып лайға жығылады. Мектепке кір киіммен барады.

Гүлзира Мұқанова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мектепке баратын жолымыз өте нашар. Қыстың күні мына жерде титымдап, ана жерден бір бес минутта жүріп өтетін жолдан 15 минут жүреміз. Өтірік емес!  

Атқамінерлерді мүлдем көрмейміз деген тұрғындар бүгінге дейін тек қағаз жүзінде ғана жауап алғанын айтады. Бұл мәселеге жауаптылардың да өз айтары бар. Олар ескі нысанның мәселесін жақында шешіп беретініне уәде беріп, бұл жердің халық әртісіне тиесілі екенін растады.

Әбілахат Жапақ, Алғабас, Теректі ықшам аудандары бойынша жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы:

- Ол ғимаратты кейіннен өзіміз анықтап білдік. Өздеріңізге белгілі Тұңғышбай Жаманқұлов деген өнер азаматының жекеменшігіндегі жер телімі болып шықты. Ол кісімен алдыңғы күні өзім хабарға шықтым. Ол НұрСұлтан қаласында екен. «14-і күні Алматыда боламын, сол жерде тұрғындармен кездесейік, нақты бір шарасын қолданайын қолымнан келгенше, қоршайтын болсам, қоршаймын, қоршамасам, бір шарасын қолданамын» деп қысқаша жауап берді.

Жолға жауапты мамандар қазір сметалық құжат жасалып жатқанын алға тартты. Мұнда су және кәріз жүйесі жүргізілмейінше, жол жөнделмейді деп отыр. Ол 2020-2021 жылдарға жоспарланған.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде