{metadescription}
Жамбыл облысы: Шудың басынған барымташылары полициямен сыбайлас па?
Жамбыл облысы: Шудың басынған барымташылары полициямен сыбайлас па?

Жамбыл облысы: Шудың басынған барымташылары полициямен сыбайлас па?

Жамбыл облысында тұрғындар өрістегі ірі қара мен қорадағы қойға қырғидай тиген ұрылар «полициямен сыбайлас» деп есептейді. Шу ауданындағы Ақсу ауылдық округінде ұсталған ұрылардың үнемі еркіндікке шығарылатыны осындай күдік туғызып отыр. Соңғы бір айда қос ауылда мал ұрлығы күрт көбейген. Қой дейтін қожасы жоқ қарақшылар ауыл ішін емін-еркін атпен аралауға көшіпті.

Аманқұл Жұмалиев бір ай бұрын 29 бас қойын ұрлатты. Түнделеткен ұрылар қорадағы отардан керектісін бөліп алып, үй іргесінде қаңтарылған көліктеріне жайбарақат тиеп кеткен. Содан бері ақсақалдың бармаған жері жоқ.  

Аманқұл Жұмалиев, Оразалы батыр ауылының тұрғыны:

- Баяғыда бірденекіден ұрлаушы еді. Қазір қоралап айдайтын болды. Үйінде тұрған сиырын сойып алып кетіп жатыр. Қорада тұрған бар қойды айдап кетіп жатыр.

Мал ашуы жан ашуына айналғандар соңғы бір айда Оразалы батыр және Ақсу ауылдарына ұрылар тыным бермегенін айтады. Тұрғындардың дерегінше, биыл аталмыш елді мекендерден 100-ге жуық ірі қара, 150 бас қой ұрланған. Басынған барымташылар тал түсте ауыл ішін атпен аралауға көшкен. Қораға түскен ұрыны ауыл әкімі қызметтік көлікпен қосыла қуған сәттер де баршылық.

Талғат Итекеев, Ақсу ауылдық округінің әкімі:

- Екі машинамен артынан ұрыларды қуып, Қордай мен Шудың шекарасының ортасында көлігін ұстадық. Ұрыны ұстай алмадық. Көлігін тастап қашып кетті. Артынан құжаттары да табылды. Алматы облысы, Күрті ауданының жігіттері болып шықты. Сол жерде кәдімгі қызметтік куәлік те жатыр. Қызыл, Ішкі істер органдарында істейді деген куәлік.

Алайда ауыл халқы сұғанақтардың қолына кісен салынатына сенбейді. Себебі, тәртіп сақшыларының сылбыр әрекетіне налығандар әлі күнге дейін бірде-бір ұры ұсталмағанын айтады. Тіпті олар ұры мен полиция сыбайлас па деп қауіптенеді.

Алтай Жайықбаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Апарып қамады. Қамалған адамды шығарып жіберді. Не себептен? Мені ұрды, тепкіледі деп айтады дейді. Сонда оның артында жүрген құжаттар кімдікі? Неғып қанқвн  балта жатады, неге қанды арқан жатады? Сонда ол ұрлық емес пе?

Сәт Мәлібеков, Ақсу ауылының тұрғыны:

- Біздің Шу ауданын әкім басқармайды, полиция басқарады. Біздің Шу ауданында заң жоқ. Әйтпесе, менің 30 сиырым табылған, ашылған. Алмас деген жігітті мойындатқанмын.  

Полицейлер тұрғындардың базынасын «жаптым жала, жақтым күйеге» балады. Ресми мәлімет бойынша, Ақсу ауылдық округінде биыл 5 мал ұрлығы тіркелсе, оның біреуі із суытпай ашылған. Тіпті сақшылар малының ұрланғанына кейде тұрғындардың өзін кінәлі санайды.   

Ертай Күншашов, Шу аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

- Кемшіліктер бар шығар, бірақ сыбайласып, қылмысты бірге істеп жатыр деген өтірік сөз. Оны айта алмаймыз. Көбінесе малдарын өріске жібере салады, өрістен қайтып келмейді. Үштөрт күн қарамайды.

Полицейлерден күдер үзген қос ауылдын тұрғындары маңайға күндіз-түні күзет қойған. Бейсауат көлік немесе аттылы адам көрсе бір-біріне хабарласып, ескертіп отырады. Алайда халықтың тал қармағандай әрекеті барымташыларға тосқауыл болмай тұр. Ал тіршілігі төрт түлікке қараған ағайын «қорамыз қаңырап бос қала мА» деп үрейленеді.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде