{metadescription}
Бюджет қаржысы! Шенеуніктерге жаппай айыппұл салынуы мүмкін
Бюджет қаржысы! Шенеуніктерге жаппай айыппұл салынуы мүмкін

Бюджет қаржысы! Шенеуніктерге жаппай айыппұл салынуы мүмкін

Толғағы келмеген құжат. Спикер екі параққа тоғыз айын жұмсаған Білім министрінің шаңын қақты. Мәжілісте үш жылдық бюджетке өзгерістер енгізіліп, соңы тағы дауға ұласты. Игерілмей жатқан қаражатқа міз қақпаған үкімет мүшелері депутаттардан тағы ақша сұрай келіпті. Ал жүзеге асырылуы тиіс мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы – баяу.

Шат-шадыман көңіл күймен мәжіліс залына жиналған үкімет мүшелері бірден депутаттардың сынына ілікті. Мемлекеттік бағдарламалардың іске асуына халық қалаулыларының көңілі толмайды.

Депутат Симонов өңірлерді ауыз сумен қамтуға бөлінген қаржының едәуір қысқарғандығына алаңдаулы. 

Сергей Симонов, Мәжіліс:

- Солтүстік Қазақстан облысындағы Пресновка су құбыры құрылысының бірінші кезегіне 2 миллиард 60 миллион теңге қарастырылған. Ал қазір бұл сома 81 миллион теңгеге дейін қысқарды. Ақшаны игеру жағын әдемілеп көрсеткенмен, нәтиже жоқ.

Ал жақсы нәтиже көрсеткісі келетін Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев бөлінген қаражаттың жартысы қайда кеткеткенін айтқанымен, Мәжіліс төрағасының көңілі толмады. Жаттанды сөздер, тым ұзақ әрі түсініксіз жауаптар Нығматуллинді әбден мезі еткен секілді.

Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:

- Министр бұл жұмысты қалай ұйымдастыру керек екенін мүлдем түсінбейді. Сіздің жауаптарыңыздан, Мағзұм Маратұлы, мынадай әсер алуға болады – жалпылама сөздер: күш саламыз, кеңейтеміз, қатайтамыз. Бәрі түсінікті.

Еліміздің бас экологіне қолын бір сілтеген Мәжіліс төрағасы Білім министріне де шүйлікті – жыл басында Елбасының берген тапсырмасы орындалмаған. Енді «Жас маман» бағдарламасы тоғыз айдан кейін ғана жастар жылының аяқталар кезінде жүзеге асырылмақшы. Бұл – нәрестесін күткен ананың толғақ келер кезімен бірдей деп қағытты спикер.

Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:

-  Жастар жылы аяқталып қалды. Ал сендер ұйқыдан енді ояндыңдар. Тоғыз айда әйелдің де толғағы келіп босанады, ал сендер айналдырған бір бұйрықты «туа алмай» отырсыңдар ма?!   

Мәдениет министрлігі мәдени мұраларды бірыңғай базаға жинай алмай жүр. Өйткені министрлік құрамындағы 300 қызметкер тұжырымдама жаза алмайды екен. Қағаз жазуға 100 млн теңге сұраған Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазановты мәжіліс төрағасы қатты сөкті.

Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:

- Бағдарлама емес, концепция жасайтын бір топ шықпаса, онда осынша қызметкер несіне керек? Не үшін ұстаймыз оларды? Барлық мемлекеттік органдар осындай. Ондай болса, жобалық кеңсе жасайық. Бір ғана мәселе бар. Біз осы мемлекеттік жұмыста жүргеннен кейін, халық қолымызға осындай мемлекеттік бюджетті бергеннен кейін мемлекет қаржысы тиімді жұмсалу керек.

Жалпы бүгін Нығматулиннің ауыр-ауыр сөздерінен премьер-министрдің орынбасарлары Смайылов пен Сапарбаевқа қорғануға тура келді. Үш сағатқа созылған айтыс-тартыс соңында депутаттардың сынын мойнымен көтерген Үкімет мүшелері қанжығаларын майлап, қаржыны ақыры бекіттіріп әкетті.

12 триллион теңгені құраған бюджеттің бүйірі бүгін 95 миллиард теңгеге томпайды. Ақша көпбалалы аналарды қолдау, медицина, ауыл шаруашылығы сияқты салаларға жұмсалмақ.

Қазына қаржысын тиімсіз жұмсап қолда барды ұқсата алмағандарға енді аяушылық болмайды. Өзгеріс «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» заңмен бекімек. Соған сәйкес, бюджет ақшасын сауатты жұмсай алмаған шенеуніктерге жаппай айыппұл салынуы мүмкін.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде