{metadescription}
Орал: Үйі бар да, жолы жоқ ықшамаудан – Сарыарқа
Орал: Үйі бар да, жолы жоқ ықшамаудан – Сарыарқа

Орал: Үйі бар да, жолы жоқ ықшамаудан – Сарыарқа

Орал қаласындағы бүтін бір ықшамаудан тұрғындары жер алып үй салғандарына өкініп отыр. Олардың айтуынша, бұл аймаққа баспаналар тұрғызылғалы жол түспеген. Қазір шаң-тозаң, қыста лайға айналатын жолмен тұрғындар амалсыз қатынауға мәжбүрміз дейді. Асфальттың болмауы әсіресе балалар мен науқастардың жанына батуда.

Сарыарқа ықшамауданына жұрт 2011 жылы қоныстана бастаған. Алайда ә дегенен-ақ жарық, газ, су мәселесі туындады. Бұқара улап-шулап, айқаймен коммуналдық қызметті әзер іске қосқызған. Ал енді жолдың да жайын айқаймен шешуден басқа амалы жоқ.      

Нұрдәулет Ғайнуллин, Орал қаласының тұрғыны:

- Мұнда балалар мектепке барар жолда қайта-қайта балшыққа құлап, жылап келе жатқан балаларды көп көрдім. Көлікті жол жиегіне қойып кетеді, одан ұрлайды. Дөңгелектерін, аккумуляторын ұрлайды.

Аймаққа жедел жәрдемнің де келуі сиреген. Әсіресе жауынды күні шақырту мұң дейді. Жазда шаң, күзде батпаққа айналатын жол осылайша көп қиындық туғызуда. Бұл аздай, тұрғындардың көбі ауруға шалдыққан.  

Гүлбағида Инажова, Орал қаласының тұрғыны:

- Қала деп кім айтады? Жаз бойы шаң-тозаң. Өзім 40 жыл мұғалім болғанда таппаған ауруымды осы жерден таптым.

Наразы топ бір жылда екі мәрте жиналып шу шығару дәстүрге айналды дейді. Оларға шенеуніктер басу айтып, ақша бөлінді, енді жол салынады деп талай рет уәде беріпті. Алайда 8 жылдан бері айтылған сөз орындалмаған. Сеніміне селкеу түскен жұрт енді батыл қадамға көшпек.

Айтқабыл Телбаев, Орал қаласының тұрғыны:

- Мәселені шешпейтін болса жол жауып, маршруттарды жүргізбей тастаймыз. Бір жұманың ішінде бізге жауап бермейтін болса, темір жолды да, мына жолды да жабамыз. Шыдамымыз жетті.

Ал шенеуніктер бәрін қаражатқа тіреп отыр. Олардың айтуынша, бұған дейін жол салуға қазынадан ақша қарастырылмай, тек жыл басында бөлінген. Алайда тапсырыс беруші мен жобалаушы жобаға өзгеріс енгізіп тоқтап қалған. Сөйтіп үлестірілген қаржы басқа бағытқа жұмсалыпты. Енді қайтадан сметалық жоба түзіліп жатқан көрінеді.  

Асқарбек Жақсықұлов, Орал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

- 50 көше, 44 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарлануда. Қазір жобалау сметалық құжаты сараптамадан өткізіліп жатыр. Содан кейін конкурс бастап, келесі жылға жоспарлаймыз.   

Ықшамаудандағы көшелердің көлемі 44 шақырымды құрайды. Ал келесі жылы оның нақты қаншасына асфальт төселетіні ашық айтылмады.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде