{metadescription}
Астана LRT! 400 миллионы ұрланған атышулы жобаға қатысты үлкен тексеру басталды
Астана LRT! 400 миллионы ұрланған атышулы жобаға қатысты үлкен тексеру басталды

Астана LRT! 400 миллионы ұрланған атышулы жобаға қатысты үлкен тексеру басталды

Елордадағы дауға айналған жеңілрельсті көлік құрылысы басынан-ақ жемқор шенеуніктердің май-шелпегі болған. О бастағы жобалық-сметалық құжатының өзі қымбатқа жасалып, 400 миллион теңгеден астам қаражат жымқырылған. Тоқаевтың сынынан кейін Елордадағы былығы көп мегажобаға қатысты кең көлемді тексеру бастаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі алғашқы мәліметін жариялады. Қазір аталмыш іске қатысы бар деген бүкіл басшылар тексеріліп жатыр. Оның ішінде қала басшылары да бар.

Жоба экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Болжанған жолаушылар ағыны расталмаған. Ал оған бөлінген ақшаның бір бөлігі ұшты-күйлі жоқ. Осының бәрін президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтпағанда, мәселе жабулы қазан күйінде қалар ма еді, кім білсін...

О баста 146 мың жолаушы жүреді деп елді сендірген жолда қазір қатынап жүргендердің қарасы екі мыңның айналасында. Қазір осы былықтың бәрін Жемқорлықпен күрес агенттігі жіпке тізіп, әрқайсысын жіті тексеріп жатыр.

Сергей Перов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің департамент директоры:.

- 2014 жылы «Астана LRT» ЖШС-мен жобалық-сметалық құжаттаманы жасау келісім-шарты қымбат бағаға жасалған. Мемлекеттік сараптаманың белгіленген құны 2,6 млрд. теңге бола тұра, LRT-мен келісім-шарт 4,2 млрд. теңгеге жасалып, оның ішінен 3 млрд. теңгесі мердігерге төленген. Қалған 412 млн. теңге жалған кәсіпорындар арқылы жымқырылып, ұрланған.

Ірі жобаға Қытай банкінен алынған қарыз ақшаны «Астана банкіне» не мақсатпен салынғаны да түсініксіз. Агенттік оның да заңдылығын тексермек. Бүгінде «Астана LRT»-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан шетелде қашып жүр. Күмәнді жобаға қатысы бар тұлғалардың бәрін тергеуді президент апта басында тапсырған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Жемқорлыққа қарсы күрес агентігіне тергеуді күшейтуді тапсырамын. Шетелге қашқан біреуді місе тұтып, басқаларды елемегенді қою керек. Жоспарлы түрде қашып кеткені түсінікті ғой. Жобаны қабылдаған әкімдік емес пе? Олардың қол қойған құжаттары жойылып кетпеген шығар?!

Ел назарын аударған ірі жоба о баста 1 миллиард 800 миллион доллардан астам қаржыға бағаланған. Оны қала басшылығы үстіне 800 миллион доллар қосып қайтаруы тиіс болатын. Енді жобаны қалайда бітіру керек. Өйткені халықаралық міндеттемелер бар. Сондықтан бекеттер мен пойыз құрамы қысқартылып, құны аз да болса арзандады.

Ал әкімдік Қытай банкінен бас тартып, ақшаны ішкі нарықтан тапқан. Тергеу мәліметтерінен белгілі болғаны, қазір басшылық қызмет атқарған 10-нан астам адамға қатысты тексеру жүріп жатыр. Оның ішінде «Астана LRT»-дан бөлек, қала әкімдігінің жоғары лауазымды қызметкерлеріне дейін бар. Бірақ агенттік нақты аты-жөндерін айтуға әзірше батпай отыр.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде