{metadescription}
Нан неге қымбаттады?
Нан неге қымбаттады?

Нан неге қымбаттады?

Елімізде нан бағасы қымбаттайды! Ауыл шаруашылығы министрі ас атасы құнының аспандауын астықтың аз жиналуымен түсіндірді. Жаздың ыстық және құрғақ болуына байланысты биыл өнім жылдағыдан 2 миллион тоннаға кем жиналған. Сонымен нан бағасы қаншаға қымбаттайды? Бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін министрлік не істемек?

Елімізде жыл басында өскен нан бағасы тағы 10-15 теңгеге қымбаттағалы жатыр. Сондықтан дүкенде 75-80 теңгеден сатылып жатқан әлеуметтік бөлке нанның өзі таяу арада 85 теңгеден саудаланады. Әрі ас атасы ғана емес, самса, бәліш секілді ұн өнімдерінің құны да өсетіні сөзсіз. Ауыл-шаруашылығы министрі қымбатшылыққа аптап ыстық пен құрғақшылық кінәлі дейді.

Сапархан Омаров, Ауыл шаруашылығы министрі:

- Жаздың аптап ыстығынан басқа, егін жинау жұмыстары барысында ұзақ мерзімді жауыншашын болды. Бұл өз кезегінде астықтың сапасына да өнімділігіне де әсер етті. Алдын ала есеп бойынша ағымдағы жылы дәнді және дәнді бұршақ өнімдерінің бункерлік салмақта 19 млн тоннаны құрайды.

Өнім жылдағыдан 2 миллион тоннаға кем жиналған. Сондықтан тапшылық болуы да ғажап емес. Бұл бағаның аспандауына әкелетіні белгілі. Қазірдің өзінде ұн бағасы қымбаттап, аймақтарда жетіспей жатыр.

Ділдара Саипова, сатушы:

- Ұн тапшы ғана емес, жалпы ұн жоқ. «Далинан», «Алтын дән» жоқ. Қазір келіп жатқаны «Пионер» мен «Цесна». Бірақ, олар қымбаттау. 50 келіліктердің өзі 600 теңгеге қымбаттап кетті.

Жалпы нан ғана емес, елімізде теңге әлсіреп жатқалы өзге де азық-түлік құны өсіп барады. Инфляция да көңіл көншітпейді. 2019-2021 жылдарға белгіленген мақсатты дәлізі 4-6 пайыз аралығында болса, қазір ол 5,3 пайыз деңгейінде. Сондықтан премьер қымбатшылықтың алдын алып, қолда бар астықты ысырап қылмауға тапсырма берді.

Асқар Мәмин, ҚР Премьер-министрі:

- Бағаны тұрақтандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне Азықтүлік корпорациясымен астықты уақтылы сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Климаттың ерекшелігін назарға ала отырып, жиналған егінді сақтап қалуға бар күшті жұмсау қажет, Сапархан Қисықбайұлы.

Ауыл шаруашылығы министрі бағаның негізсіз өсуіне де жол бермеуі керек. Ал құнды шамадан тыс көтерген наубайханаларға жаппай айыппұл салынбақ.

Сапархан Омаров биыл жиналған астық ішкі сұранысты қамтуға жетеді деп сендіріп отыр. Десе де, тапшылық бола қалса, Ауғанстан, Иран, Қытай секілді елдерге бидай экспортының көлемі 3 миллион тоннаға дейін азайтылуы мүмкін.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде