{metadescription}
Алматы облысындағы Еңбек ауылында өркениеттен жұрдай мектеп бар
Алматы облысындағы Еңбек ауылында өркениеттен жұрдай мектеп бар

Алматы облысындағы Еңбек ауылында өркениеттен жұрдай мектеп бар

Өркениеттен қалыс қалған мектеп! Алматы облысындағы Еңбек ауылында бастауыш сынып оқушылары төрт бөлмелі ескі білім ордасында оқып жатыр. Спорт залы, акт залы мен асхананы айтпағанда, мұнда мұғалімдер отыратын кабинет жоқ. Тіпті кей сабақтар дәлізде оқытылады. Мектеп заманауи технологиямен мүлдем қамтылмаған. Балалар интерактивті тақтаны өмірі көрмепті. Тар мектептің күйін КТК тілшісі көріп келді.

Сыртынан қарағанда үй секілді ескі нысан – Еңбек ауылындағы жалғыз мектеп. Елді мекендегі 85 баланың алтын ұясы. Бастауыш сынып оқушылары мұнда қысылып-қымтырылып отырып білім алып жатыр.

Мектепте бар-жоғы төрт-ақ бөлме. Оның біреуі медициналық кабинет. Аядай кабинетте медбикемен қоса мұғалімдер отырады. Ал қалған үш бөлмеде оқушылар сабақ оқиды. Алайда оған сыймаған соң, кей пәндер дәлізде оқытылады.

Эльмира Тұтқышбаева, Еңбек ауылының тұрғыны:

- Соңғы сабақтарында екінші ауысым балалары келеді де, сонымен мына дәлізде оқиды, алдыңғы бірінші ауысымдағы балалар дәлізде оқиды.

Білім ордасында мәдени шаралар өтпейді. Өйткені оған да орын қарастырылмаған. Мектептің спорт залы мен асханасы да жоқ. Күн суықта балалар дене шынықтыру пәнін партада отырып өткізеді. Ескі нысан талайдан бері жөндеу көрмеген.

Айгүл Ұлбекова, мектеп мұғалімі:

- Ешқандай асхана да, спортзал да жоқ. Мектеп 1984 жылы салынған. Сол уақыттан бері ешқандай күрделі жөндеу көрмеген.

Үй секілді мектепті жауапты тұлғалар мүлдем ұмытып кеткендей.

Нысан әлі күнге дейін көмірмен жылытылады. Ал күннің суығында даладағы дәретханаға баратын ұл-қыздарға жаның ашиды. Мектеп заманауи технологиямен қамтылмаған – бірде-бір интерактивті тақта жоқ.

Гүлхан Махай, Еңбек ауылының тұрғыны:

- Жаңаша дүние демекші, ешқандай дүние жоқ. Бәрі соғыстан қалып қалған дүние секілді. Хәл мүшкіл, өте мүшкіл деп айтуға болады.

Жоғары сынып оқушылары көрші ауылдағы мектепке қатынап оқиды. Шенеуніктер оларды тасымалдайтын газель көлігін бөлген. Алайда оның өзі кейде тоқтап қалады дейді тұрғындар.

Оразхан Жартанова, Еңбек ауылының тұрғыны:

- Автобус деген жоқ, бір күні келсе, бір күні жоқ. Балалар боранда, жаңбырда, күннің суығында екі ортада дірдектеп жүр. Балаларды аяп, Үкімет бізге жақсылық жасап, кішкентай болсын мектеп салып берсе дейміз.  

Жұрт мектеп мәселесін айта-айта шаршаған. Оларға үш жыл бұрын жаңа білім ордасы уәде етіліпті. Шенділер 450 орындық мектеп тұрғызып беру туралы бүгін де уәде берді. Оған үш гектар жер телімі бөлініп қойған көрінеді.

Сәрсенбаева Қаламқас, Іле аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- Бюджеттен қаражат бөлінсе, 450 орындық оқушыға арналған үлкен, заманауи, халық талабы бойынша салынады. Мен сіздерге міне, келесі жылы салып береді деп айта алмаймын. Құжаттамалары рәсімделіп жатыр. Құжаттамалары жасалып бітеді, сосын жобалау құжаттамасына қаражат бөлінуі керек.

Білім ордасы әзір тұрғызылмайтын сыңайлы. Ал балаларды әрі-бері тасымалдайтын көлік мәселесін «шешіп береміз» дейді жауаптылар. Әкімдікке сенуден қалған тұрғындар енді жоғары биліктен көмек сұрап отыр.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде