{metadescription}
Жамбылда күйдіргі дертінің неден таралғаны сол күйі анықталмады
Жамбылда күйдіргі дертінің неден таралғаны сол күйі анықталмады

Жамбылда күйдіргі дертінің неден таралғаны сол күйі анықталмады

Ауру жұқтырған адамдар бар болғанмен, кеселдің қайдан келгені белгісіз. Жамбыл облысында арнайы комиссия күйдіргі дертінің тарауына қатысты қорытындыны жариялады. Мамандардың мәліметінше, індет ошағы сол күйі анықталмаған. Жұмбақ аурудың жай-жапсарын КТК тілшісі айтып берсін.

Қыркүйек айында қауіпті кесел жұқтырған төрт адам аруханаға түсіп, ол өңір атқамінерлерін дүрліктірген. Денесін жара басқан науқастар – Жуалыдағы шаруа қожалығының жұмысшылары. Жарты ай ем алған олар үйлеріне жіберілді. Ал арнайы комиссия індет ошағын сол күйі анықтай алмады.

Оспан Бердияров, Жамбыл облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Жатқан жері, мал сойылған жер – бәрі тексерілді. Шаруа қожалықта 23 бас малдың терісі бар екен, бәрін тексердік. Ешқайсысынан сібір жарасының қоздырғышы анықталған жоқ.

Осы жайттан кейін жалпы саны 44 адам қатаң бақылауға алынған. Олардың тең жарымы – қала тұрғындары. Ел арасында ауданда тараған індетке «қалалықтардың не қатысы бар» деген түсініксіз сұрақ пайда болды. Тіпті ауру малдың еті Тараз бен Алматыдағы «шұжық цехтарына сатылыпты» деген қауесет шықты. Облыстық ветеринарлық басқармасының басшысы 8 бас сиыр етінің екі шаһарға таратылғанын растады.

Оспан Бердияров, Жамбыл облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Етін әкеліп өткізбек болған. Оған қазір іс қозғалды.

- Ет өткізілген бе?

- Ет кішкене өткізілген, оның бәрі табылып, жойылды.

- Сол етті тексергенде ештеңе анықталмады ма?

- Жоқ, ештеме шықпады. 86 сынама алынды.

- Еттің тек Тараз емес, Алматыға да шығып кеткені рас па?

- Алматыға жақсы еттерін апарып өткіземіз деген, оны пайдаланбай тұрған жерінен бірден алдырды.

Оспан Бердияровтың айтуынша, сиырлар ветеринариялық анықтамасыз өткізілген. Ал шаруа қожалығының басшысы білдей полиция полковнигі дейді. Ол кәсібін анасының атына тіркеген. Алайда Полиция департаменті бизнесменнің қызметтегі лауазымды тұлға екенін жоққа шығарды.   

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшысы:

- Аталмыш шаруа қожалығының бастығы біздің полиция полковнигі екені шындыққа жанаспайды. Ал шаруашылықтың нақты иесі тергеу жұмысының құпиялылығына байланысты айтылмайды.

Дегенмен ветеринариялық талаптың сақталмаған дерегіне қатысты іс қозғалып, тергеу амалдары әлі қаралуда. Оның қорытындысы жуырда жария болмақ.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.