{metadescription}
Былық! Тозығы жеткен сумен жабдықтау желілерінің кесірінен 16 миллиард көкке ұшқан
Былық! Тозығы жеткен сумен жабдықтау желілерінің кесірінен 16 миллиард көкке ұшқан

Былық! Тозығы жеткен сумен жабдықтау желілерінің кесірінен 16 миллиард көкке ұшқан

Тозығы жеткен сумен жабдықтау желілерінің кесірінен 16 миллиард теңге көкке ұшқан. Тексеріс жүргізген есеп комитетіндегілер осындай былықтың бетін ашты. Ауылдық елді мекендер бір жұтым суға жарымай отырғанда, оңды-солды шашылған қаражат сенаторлардың ашуын туғызды. Суды көп шығындайтын өңірлердің ішінде еліміздің ірі қалалары бар.  

Үкімет «Ақбұлақ», «Ауыз су» бағдарламаларын қабылдап, 2011 жылдан бері 1,2 трлн теңге қаржы бөлді. Бұл қаражатқа ауылдық жерді таза ауыз сумен қамту 80 пайыз, қаланікін 100 пайызға жеткізу керек болған. Бірақ тіршілік нәрінсіз 2 жарым миллион адам күн кешіп жатыр.

Басқаларды былай қойғанда, бас шаһардың кейбір тұрғындары әлі күнге дейін суды шелекпен тасып ішіп отырғанын да сенаторлар жақсы біледі. Ал ауылдардың жартысынан астамы ауыз сумен қамтылмаған. Жұрт осынша қиындық көріп отырғанда миллиондаған текше метр су далаға кетіп жатыр.    

Наталья Годунова, Есеп комитетінің төрайымы:

- 2018 жылы 218 миллион текше метр су шығыны болды. Ал тозығы жеткен сумен қамту желілерінен келген шығын 16 млрд теңгені құрады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға тозған инженерлік желілердің мәселесін шешу үшін мемлекеттік жекеменшік әріптестік тетігін пайдалануды ұсынамын.

Ішер суға жарымай отқанда сумен жабдықтау желілерінің тозуы да жығылғанға жұдырық болды. Бүгінде елімізде су мен кәріз желілерінің 57 пайызын тот басқан. Жыл сайын соның бес пайызы ғана жаңартылады. Соның кесірінен қаншама ауыз су далаға ағып жатыр. Оны сұмдық жайға балаған Сенат спикері аталмыш мәселе бойынша арнайы орган құруды ұсынды.

Дариға Назарбаева, Сенат спикері:

- Біз бұл мәселені күн тәртібінен алмаймыз. Тек осы мәселемен ғана айналысатын және бүкіл жауапкершілікті мойнына алатын өз алдына жеке мекеме болуы керек. Ол агенттік бола ма, әлде мамандандырылған ұйым бола ма, бәрібір. Мына Есеп комитеті айғақтап берген сұмдық жайттарға қараңыз, қаншама қаржы жоғалттық, қанша шығын келді. Бірақ сол үшін жаза арқалаған, шығынын өтеген ешкім жоқ. Бұл осылай кете береді. Себебі, біздің мемлекеттің су шаруашылығы қауіпсіздігі бойынша қылмыстар анау айтқандай маңызды мәселе болмай тұр. Сондықтан жеткілікті мән берілмей қала береді. Сондықтан жауапкерлішікті күшейту керек.

Суды көп шығындайтын өңірлер арасында Алматы қаласы көш бастайды – 33%. Содан кейін Ақмола облысы – 20%. Ал Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Ақтөбе және Қостанай облыстарында су шығындау көрсеткіші 13-тен 16%-ға дейін барады.

Ауыз су қорын азайтуға су тазарту жүйесі де айтарлықтай үлес қосып отыр. Еліміздегі 87 қаланың 58-нде ғана кәріз суын тазарту жүйесі бар. Оның өзінде басым бөлігі апаттық жағдайда. 29 қалада мұндай жүйенің жоқтығынан лас су қоршаған ортаны бүлдіріп жатыр. Жағдай түзелмесе, 2050 жылға қарай ішерге су таппауымыз мүмкін.

Қайрат Қожамжаров, Сенат депутаты:

- Әлемдік ресурстар институтының зерттеуі бойынша, қазір 2 миллардтай адам сусыз өмір сүріп жатыр. 68 мемлекет су тапшылығын сезіп отыр. Оның ішінде біз де бармыз. Ал география институына сенсек, жыл сайын Қазақстанның сумен қамтылу деңгейі төмендеп бара жатыр. 

Қаржыны мандыта алмаған Су ресурстары комитетінің былтыр 5 миллиард теңгені ысырап қылғаны анықталыпты. Ауқымын түсіну үшін айтайық, бұл 600 орындық 5 мектеп салуға жететін қаражат.

Соның кесірінен бұқараны сумен қамтуға бөлінген бюджет қаражаты биыл 10 миллиард теңгеге қысқартылыпты. Экология министрлігі бюджетті тиімді игермегені үшін амалсыз осындай қадамға барып отыр. Игеру демекші, жалпы ел бойынша сумен жабдықтауда «көз қысты, бармақ бастыға» барғандарға 102 қылмыстық іс қозғалып, 30 шенеунік түрмеге қамалған.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде