{metadescription}
Дабыл! Атышулы Алғабаста тоғыз қабатты үй тағы қисайды
Дабыл! Атышулы Алғабаста тоғыз қабатты үй тағы қисайды

Дабыл! Атышулы Алғабаста тоғыз қабатты үй тағы қисайды

Атышулы Алғабаста тағы бір үй қисайды! Елге апатты үйлерімен танылған ықшамауданның атауы жыл басында «Зерделі» деп ауыстырылған. Бірақ, аты өзгергенімен, заты сол күйі өзгермепті. Тоғыз қабатты үйдің артқа қарай қисайғанын тұрғындар алдыңғы түні байқап дабыл қаққан. Алайда шақыртуға келген мамандар «айтарлықтай қауіп жоқ» деп, кетіп қалыпты.

Қабырғасы көз алдында қақырай бастаған жұрт енді кімнен көмек сұрарын білмей үрейленіп отыр.             

Екі күннен бері көз ілмеген Зерделі ықшамауданындағы 179-үйдің тұрғындары. Ұйқысын қашырған көрініс. Айтуларынша, небәрі бір түннің ішінде көрші үймен араны жалғап тұрған темір тордың үстіңгі шегелері ажырап, іргеге құйылған бетон жоғары көтеріліп кетіп, кіреберістегі асфальт сөгіле бастаған.     

Мерей Биниязов:

- Кеше, алдыңғы күні қисайғаны қатты байқалды. Өйткені басында қарап жүрдік, «қисайды» деп. Одан кейін түнде шығып қарасақ, қатты қисайғаны байқалды. Үйде бөлмелердің есігі жабылмай, кейбіреуі айқара ашылып кетеді. Асфальттан баспалдақтар ажырап кетті. Қорқыныш, үрей бар.

Үйде тұрып жатқан кілең жастар. Бәрі де пәтерін «Жас отбасы» мемлекеттік бағдарламасымен жеңілдікпен алған. Бұрынғы Алғабас ықшамдауданындағы үйлер бірінен соң бірі апатты боп танылып жатқанда да, алғашқылардың бірі боп салынған баспана сыр бермеген екен. Енді ішіндегі есіктерімен бірге жақтаулары да жылжып, жас отбасылардың зәре-құты қалмай отыр. Солардың бірі – Биниязовтар. Алты жыл бұрын жылы ұяға қол ұстасып кіріп, бүгінде бес бала өсіріп отырған отбасы сөзінің жаны барын дәлелдеу үшін түсқағазын жыртып көрсетті.     

Тұрғындардың «үй қисайды» деген күдігіне көз жеткізуге өзіміз де тоғыз қабатты үйдің шатырына көтерілдік. Көрші үй. Адамдар осы уақытқа дейін екеуінің де қатар тұрғанын айтады. Бірақ бірнеше күнде біреуі артқа қарай шалқайып кеткен.

Кәкімбек Аюбай:

- Қазір қарасаңыздар, бір қарыс, 20 сантиметрдей үй артқа қарай шығып тұр, ана жерден. Ал бұрын былай тұрған, торы қазір былай тұр. Мынадай шамада қисайған. Шара қолдану керек! Өйткені мына үйде тұратын өңкей көп балалы жас отбасылар. Егер үй қирап, жас балалар шырқырап кетсе, не болмақ?!

Әкімдіктегілер қашанғыдай жайбарақат. Айтуларынша, Зерделіде қисайып жатқан үй жоқ.   

Қуандық Айтмағамбетов, Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасы басшысы:

- Қазір қауіп жоқ! Бір сантиметр, 0,5 сантиметр дедім ғой. Қауіпті жағдай болу үшін өзінің нормативінен асып кету керек. Қазір нормативтан ауытқу жоқ. Апатты, ол 30 сантиметрден асу керек. Қазір бір сантиметр.

Дегенмен тұрғындарды тыныштандыруға тағы бір мәрте тексеруге уәде берді. Алайда бойын үрей билеген бұрынғы алғабастықтардың атқамінерлердің айтқанына көніп, бала-шағасына қауіп төндіретін ойы жоқ. Сараптама қорытындысы дайын болғанша, қауіпсіз жерге көшіруді талап етіп отыр.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде