{metadescription}
Барымташыларға қатысты қатаңдатылған жаза қандай болады
Барымташыларға қатысты қатаңдатылған жаза қандай болады

Барымташыларға қатысты қатаңдатылған жаза қандай болады

Барымташыларға енді «теріс қылық», «орташа ауыр қылмыс» деген түсінік қолданылмайды. Олар тек «ауыр қылмыспен» темір торға қамалады. Сондықтан шығынды өтеп, тараптардың келісуіне де енді болмайды. Бүгін осындай өзгеріс енгізілген заң жобасы Сенатта қаралды. Әккі ұрыларға қатысты қатаңдатылған жаза қандай болатынын елордалық тілшіміз баяндасын.

Төрт түлік жесең – тамақ, мінсең – көлік, сатсаң – пұл, кисең – киім. Еліміздегі тұрғындардың 42 пайызы ауыл-аймақтарда тұратындықтан, олардың негізгі күнкөрісі – мал бағу. Барымташылық пен жаугершілік заманы артта қалса да, соңғы уақытта малдың жоғалуы жиілеген жайттарды көп естіп жүрміз.

Сайда саны, құмда ізі қалмай жоғалған малын іздеген ауылдағы ағайынның жанайқайын билік әйтеуір естіді. Бүгін біршама уақыттан бері талқыға түскен заң жобасы Сенатта қаралды. Қылмыстық кодекстегі «мал ұрлығы» туралы жаңа бап марға қирғидай тигендерді оңдырмайды. Жаза қатаңдатылды.

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Жалғыз сиырын, жалғыз жылқысын алып кеткен кезде ол біздің ауылда тұрған азаматтарға, ағайынға өте қиын. Осындай қарақшылыққа, ұрлыққа тыйым салу үшін жазаны күшейтіп отырмыз.

Бір ғасыр бұрын мал ұрлығын жасағандарға ату жазасы берілген. Тарих солай дейді. Ал қазір, жаңа заңға сәйкес, қарақшылар топпен, алдын ала сөз байланысу арқылы ірі көлемде қылмыс жасаса, 7 жылға дейін, бірнеше рет немесе мал-қораға кіріп, жасалса – 10 жыл, аса ірі көлемде және қылмыстық топпен бірігіп, қылмысқа барса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ. Сенаторлар кодекстегі осы өзгерістерді бұқараға барынша түсіндіру керек дейді.

Еділ Мамытбеков, Сенат депутаты:

- Өкінішке қарай, ұрлық бұған дейін де болды, бұдан кейін де бола бермек. Қылмыстық кодекстегі қатаңдатылған жаза туралы халықтың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Сондықтан, жаңа бап туралы тұрғындарға көп ақпарат беріліп, кеңінен айтылуы керек.

Статистикаға сүйенсек, мал ұрлығы бойынша қылмыс саны: 2015 жылы – 19 535; 2016 жылы – 25 432; 2017 жыл – 20 059; 2018 жылы – 15 400; ал биылғы 10 айда – 10 942.

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, мал ұрлығы бүкіл қылмыстардың 3,5 пайызын құрайды екен. Соңғы бес жылда жұрттың ұрланған малының тек 91 мың басы ғана табылып, иелеріне қайтарылыпты. Сол үшін 11 мың қылмыскер жазаға тартылған. Десе де полицияның жедел есебінде әлі күнге 3387 мал ұрлаушы тұр.

Мал ұрлағандарға жазаны қатайтып, арнайы заң әзірлеуді көп жылдан бері ұсынып келген депутаттар бүгін дегендеріне жетті. Президенттің мал ұрлығына қатысты тапсырмасынан кейін шенеуніктер әзірлерген заң жобасын бүгін сенаторлар мақұлдады. Заңға енді Президент қол қоюы тиіс. Кодекстен көптің күтіп отырған үміті көп.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

06 тамыз

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.