{metadescription}
Алматыда  Тастақ-1 тұрғындары жатақхана құрылысына қарсы
Алматыда  Тастақ-1 тұрғындары жатақхана құрылысына қарсы

Алматыда Тастақ-1 тұрғындары жатақхана құрылысына қарсы

Жатақхана салуға жол бермейміз. Алматыда тұрғындар үйіне  жапсарлас тұрғызылғалы жатқан тоғыз қабатты жатақхананың құрылысына қарсылық білдірді. Олар студенттер үйі бой көтерсе, жалғыз стадион мен көлік тұрағынан қағыламыз деп қауіптенеді. Жұрт әкімдіктің талап бойынша құрылысты бастауға қол жинап, рұқсат алмағанын айтады.

Құрылысы басталмай жатып дауға себеп болған жерде автотұрақтың орнына 520 студентке арналған жатақхана салынбақ. Бұл хабарды естіген Тастақ-1 ықшамауданының тұрғындарынан әбден маза кеткен. Олар жатақхана бой көтерсе, көлік тұрағынан, мектеп стадионы мен үйге кіріп-шығатын жолдан қағыламыз ба деп қорқады.

Құрылысқа қарсы шыққан қарашаның қарасы қалың. Олар жергілікті әкімдік тұрғындардан рұқсат сұрамады деп ашынады. Жанайқайын жеткізген жұрт балалар асыр салып ойнайтын, зейнеткерлер бой жазып серуендейтін жалғыз стадионын сүруге жол бермеуге бекінген. 

Марат Тайев, Тастақ-1 ықшамауданының тұрғыны:

- Мына стадион салынғанда қуанып, рақмет айтқанбыз. Қазір осы жерде немелерімізбен демаламыз, жүгіреміз. Саламын десе, Сайранның төменгі жағында жақсы жерлер бар. Мен қарсымын.

Технологиялық университеттің студенттеріне арналған тоғыз қабатты жатақхананы тұрғын үйге тақап салу «заңға қайшы» дейді наразы топ. Көлік қоятын жер таппай күнде қырылысатын жұрт құрылыс басталса, жүргізушілердің жағдайы одан бетер қиындайтынын айтады.

Сәкен Шардаров, Тастақ-1 ықшамауданының тұрғыны:

- Прокуратура бұл жерге жатақхана салуға қалай рұқсат берілгенін тексеруі тиіс. Үй мен кез келген нысанның ара қашықтығы 3040 метр болуы керек. Жатақхана тұрғызылса, тынысымыз тарылады. Жедел жәрдем мен өрт сөндірушілер тез жететін жалғыз жол да жабылады.

Шу шығарғандардың өкпесін естуге құрылыс басқармасындағылар мен жоғары оқу орнының өкілдері келді. Ашуға мінген халық жауаптыларға тап беріп, жақ ашқызбады. Технологиялық университеттің проректоры құрылысқа «рұқсат әлі берілмеді» деп жұртты сабырға шақырды.

 

Қалтай Сейітұлы, Алматы технологиялық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры:

- Алматы технологиялық университетінің басшылығы әкімдіктен бірнеше жылдан бері жер сұрап келеміз. Бізге осы жерді берді. Қазір берілген жердің құжаттарын мемлекеттік сараптама өткізіп қойдық. Егер олар рұқсат берсе біз саламыз.  

Биік ғимараттың сметалық-жобалық құжатын әзірлеп жатырмыз деген сәулет-құрылыс бақылау басқармасындағылар стадионға тиіспейтіндерін айтып сендірді. Олар заңсыз автұрақтың орны, яғни 21 соттық жерге студенттер үйін салуды жоспарлапты.

Бауыржан Дүйсебек, Әуезов ауданы бойынша қаланы жоспарлау және аумақтық дамуды үйлестіру қызметінің басшысы:

- Қазір студенттер көп. Бірақ жатақ орындар аз. Сол себепті, АТУды тапшы болғандықтан, осы жерге стадион салу шешілді. Стадионға тиіспейміз. Стадион қалай тұр, солай тұрады. Автотұрақтың орнына саламыз.

Жатақхана жетіспеушілігін алға тартқан шенеуніктер жұртқа сотқа шағымданыңдар деп жөн сілтеді. Алайда олардың сөзіне сенбеген жұрт аудан әкіміне базыналарын жеткізбек. Тұрғындар түйіткілдің түйіні онда да тарқамаса, қалалық прокуратураға арыз жазамыз деп тарқасты.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде