Есеп берген Көлгінов шағымның астында қалды
Көгілдір отынсыз күні қараң! Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, газ тартпайынша, қала көк түтіннен арылмайды. Көліктің көптігі мен көмірдің кесірінен онсыз құтылу қиын. Жұртшылық алдында есеп берген бас қаланың әкіміне күртік қар мен үйін даулап жүрген үлескерлер де шағым айта келді. Ал жемқорлыққа шатылған қоластындағы қызметкеріне қатысты Көлгінов қысқа жауаппен шектелді. Не дегенін тілшіміз айтып берсін.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
12.02.2020
Елорда әкімінің есеп беру жиынына келген халықтың қарасы қалың. Әрқайсысы өз мәселесін айтып қалуға тырысты. Әсіресе, үйін даулап жүрген үлескерлердің жағдайлары өзекті. Әкімнің сөзінше, елордада 76 тұрғын үй кешенінің құрылысы әлі аяқталмаған. «Шығыс», «Жағалау» секілді кешендердің құрылыс жұмыстары мардымсыз.
Күнзадаш Саттықова, үлескер:
- Жағалау-4 тұрғын үй кешенінің үлескерлері келіп отырмыз. Солардың атынан мен шығып сөйлеп тұрмын. Біздің тұрғын үй құрылысы 2014 жылдан бастап АСИ тұрғын үй құрылыс компаниясының саламыз деген бастамасыменен келісім шартқа отырған едік. Осы күні 900-дей адам бармыз.
Былтыр 2 жарым мың үлескердің «мәселесін шештік» деп ақталған әкім алдағы үш жылда бәрін «бітіріп беремі» деп уәдені үйіп-төкті. Ал осы қыста қала тұрғындарын әбден қалжыратқан күртік қар әкімнің сөзінше, жинап бітпей жатқан қар коммуналдық қызметтің қауқарсыздығынан емес, көп көлемде жауғанына байланысты екен.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Биыл қар қалыпты жағдайдан 3,5 есе артық түскен, яғни қар көлемі 2 миллион текше метрге көп. Біз оларды шығарып тастадық. Жолдар таза екенін көрдіңіздер. Қазіргі уақытта жұмыс өте көп. Қыс болған соң да қар түсуі – табиғат заңдылығы.
Есеп беру жиынында елорданың экологиялық ахуалы да сөз болды. Соңғы уақытта көліктің саны артып, көмірдің көп жағылуына байланысты ауа сапасы нашарлап кеткен. Мұның шешімі елордаға көгілдір отынды тартуда дейді әкім.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Екінші жылу электр станциясының өзі ғана қыс айларында 3 миллион 800 мың тонна көмір тұтынады. Ал жекеменшік сектор 500 мың тонна. Сонда төрт жарым миллион тонна көмір жағып, атмосфераға 40 мың тонна зиянды заттар таралады.
Жиында кейбіреулер әкім мырзаға алғысын білдіріп жатты. Алғыс алғысымен, ал Алтай Көлгіновтің қарамағындағы қызметкері, нақтысы Байқоңыр ауданының бұрынғы әкімі құны жарты миллионнан асатын «Айфонның» соңғы нұсқасын ауызбастырыққа алғаны есте. Ал заң бойынша қоластындағы қызметкері жемқорлық дерегімен ұсталса, басшысына сөгіс жарияланып, тіпті қызметтен босатуға дейін қарастырылған. Алайда Көлгіновтің аузынан «отставкаға кетем» деген сөзді естімедік. Әкім оны заң құзырына қалдырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!