{metadescription}
Алматы облысында вандалдар бейіт қоршауына қырғидай тиюде
Алматы облысында вандалдар бейіт қоршауына қырғидай тиюде

Алматы облысында вандалдар бейіт қоршауына қырғидай тиюде

Алматы облысында бейіттің қоршауына қырғидай тиетін ұрылар азаймай тұр. Тіріні қойып, өлілердің тыныштығын бұзған вандалдар Қарасай ауданында 30-дан астам қабірді қиратып, шойын қоршауын алып кеткен. Бүлінген бейітті көрген марқұмдардың туыстары жағасын ұстап отыр. Полициядан күдер үзген олар ата-бабалары жерленген қорымды өздері күзетпек.

«Қорымды қиратып жатыр» деген жайсыз хабарды естіген Ринат әке-шешесі жерленген бейітке алып-ұшып жеткен. Бірақ зиратқа келгенімен, қарақшыларға қарсы тұруға үлгермепті. Ұрылар бейіттің қоршауын сындырып, арам пиғылын әлдеқашан жүзеге асырған.

Ринат Алдаев, Абай ауылының тұрғыны:

- Бірер күн маған хабарласты. Сосын қорымға келдім. Бірақ тым кеш еді. Бірден полицияға хабарластық. Әзірге нәтиже жоқ. Шойын қоршаудың түгін қалдырмай алып кеткен. Олардың әрекеті адам шошырлық. Айтарға сөзім жоқ.

Абай, Бұлақты, Райымбек ауылының тұрғындары жерленетін қорымның қазіргі көрінісінен денең түршігеді. Ұяттан безген ұрылар қабірдің шойын қоршауын түбімен жұлып алып кетеді екен. Бұл сорақылықты көрген жұрт сұғанақтар бір аптаның ішінде 30-дан астам бейітті бүлдіргенін айтып отыр. Тіпті түнде жорытатын ұрылар тапа-тал түсе тонап, әден басыныпты.

Ата-бабаларына құран бағыштауға жиналған марқұмның туыстары ашулы. Олар әруақты қорлап зиратқа қиянат жасағандар «тиісті жазасын алу керек» дейді. 

Зухра Сәмигулина, Райымбек ауылының тұрғыны:

- Сұмдық! Темір қоршауларды алып кеткен. Өліктің не жазығы бар?! Мынаны істеген адам баласы емес! Көшеден жай келіп жатқан адамдар емес қой. Бұл опасыздыққа әдейі барады! Айтып жеткізу қиын. Әке-шешеміз жатыр, бәрінің туысы жатыр.  

10 мыңнан астам адамға топырақ бұйырған зиратты күтіп, күзету бір адамға ғана жүктелген. «Ат шаптырым аумақты қадағалау өте қиын» деген шырақшы ұрылармен күресуге дәрменсіз екенін мойындап отыр.

Қайса Қабдімәлік, қорым шырақшысы:

- Үлкен аумақ қой. Арғы жағы суға дейін барады. Айналып шығу жаяу адамға оңай емес. 2009 жылдан бастап қарауылдап жүрмін. Маған ешкім ештеңке төлеп жүрген жоқ. Әкім мен ақсақалдар «қараңыз» деген соң қарап жүрмін.

Жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар екен. Атқамінерлер полиция темір-терсек қабылдайтын орындарды тексеріп жатқанын жеткізді. Ал қорымды түгел қоршауға қаржы қолбайлау екен.

Айдын Байекев, Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Түнгі уақытта учаскелік полицейлер сол жерге патрульге шығып жатыр. Кезектесіп. Қоршауға қатысты екі мәселе қарастырылуда. Біріншісі – құжаттарды заңдастыру, екіншісі – демеушілер қарастырылуда.  

Тәртіп сақшылардан күдер үзген марқұмның жақындары қорымды өздері кезек-кезек күзетіп, вандалдарды құрықтаймыз деп отыр. Ал қирап, қоршаусыз қалған бейіттерді қайта жасатудан басқа амал жоқ.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде