{metadescription}
«Гудбай, мой бай-2»: Бүгінгінің еркегі есіріп, әйелі әзірейілге айналмаса екен
«Гудбай, мой бай-2»: Бүгінгінің еркегі есіріп, әйелі әзірейілге айналмаса екен

«Гудбай, мой бай-2»: Бүгінгінің еркегі есіріп, әйелі әзірейілге айналмаса екен

Отбасыңызды бақытты еткіңіз келсе, «Гудбай, мой бай-2» фильмін көріңіз. Бүгіннен бастап үлкен экранға жол тартқан отандық комедия сіздің күнделікті өміріңізді суреттеп беруі мүмкін. Атауы ерекше туынды қоғамдағы өзекті мәселе - ажырасу мен отбасылық құндылықтың ара жігін ажыратып, бақытты өмір сүруге жөн сілтейді. Бұл осыған дейін көрсетілген «Гудбай, мой бай» фильмінің жалғасы.

Су жаңа комедия бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетілуде.    

- Дерекқорымызда техникалық ақау шықты. Сіз енді ажырасқандардың арасында жүрсіз...

Отбасылық құндылықты ту еткен «Гудбай, мой бай» фильмінің екінші бөлімі де бастапқы бағытынан әсте де таймаған. Күлдіре отырып ой салатын картинада төрт достың жанұялық жағдайы көрсетіледі. Олардың тағдыры түрлі болғанымен, мұңы – бір. Мұнда да ажырамас жолдастар бірге жүріп, отбасылық кикілжіңді шешуде талай шырғалаңға тап болады.

Әнуар Матжанов, режиссер:

- Жігіттер КВН ойнап, әзіл-оспаққа жақын болғандықтан, түсірілім барысында қызық жағдай көп болды. Көрермен біріншісінде олармен танысып, актерлерді біліп қалды ғой. Ал екіншісінде көрермен әр актердің мінез-құлқын білгеннен кейін, әзіл-қалжыңға көбірек көңіл бөлдік.

Фильмді түсірушілер: «Бүгінгінің еркегі есіріп, әйелі әзірейілге айналып кетпесе екен» дейді. Олар жұбайлар бір-біріне құрметпен, сүйіспеншілікпен қараса, шаңырағы шайқалмай, жарасымды жанұяға айналатынын көрсеткісі келген.

Сәбит Рахымбаев, продюсер, актер:

- Жастар бір күнде ажырасып кетіп жатыр. Барып, арыз жаза салады. «Гудбай, мой бай» – байына «Гудбай» демеңіз деген кино.  

Картина Алматыда 20 күнде түсірілген. Фильмнен жаңа образда Олжас Абайды да көре аласыз. Ал әдеттегідей басты кейіпкерлердің бірі - Айбынның жұбайының рөлін Дариға Бадықова сомдайды. Ол фильмде төрт баланың анасы. Дариға: «халыққа фильмді шынайы жеткізу үшін рөлді жанымды салып ойнаймын», - дейді.

Дариға Бадықова, актриса:

- Образ жасаушымын ғой. Өмірде де бір болсам, өнерде де бір болсам, нем қалады?! Образға мен басқа тұрғыда қараймын. Сол себепті екеуі жер мен көктей. Мен өмірде мүлде басқа адаммын.

Әзілге құрылған фильмде жанарыңа жас ұялататын сәттер жоқ емес. Комедия арқылы жарасымды жанұя мен махаббаттың құдыретін жеткізгісі келген туындыны тамашалағыңыз келсе, бүгіннен бастап кинотеатрға асығыңыз.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде