{metadescription}
Депутаттар: Кәсіпқой спортқа көп қаржы бөлуді доғару керек
Депутаттар: Кәсіпқой спортқа көп қаржы бөлуді доғару керек

Депутаттар: Кәсіпқой спортқа көп қаржы бөлуді доғару керек

Ақшаның көбін кәсіпқой спортқа бөлуді доғару керек. Бүгін Мәжілісте бұқаралық спорт тақырыбын талқылаған депутаттар Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға дүрсе қоя берді. Жалпы халықты былай қойғанда, елімізде мыңдаған мектепте қарапайым спорт залы жоқ. Әсіресе ауыл мектептерінде. Оның үстіне, жалпы спортты дамытуға бөлінетін ақшаның болмашы бөлігі ғана бұқаралық спортқа жұмсалады екен.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың депутаттар алдына жақсы дайындалып келгені көрініп-ақ тұр. Министрдің айтуынша, кешенді жоспар дайындалған. Соның ішінде спорттың көпке қолжетімді түрін дамыту да қарастырылыпты. Бірақ қаражаттың көлемі жоғары дәрежелі спортқа бөлінетін қаражаттан 50 есе кем екенін білгенде депутаттар таң қалды.

Нұржан Әлтаев, Мәжіліс депутаты:

- Жергілікті билік жалпы жұмсалатын 152 миллиард теңгенің тек болмашы бөлігін бұқаралық спортқа жұмсайды. Сөйте тұрып, бірде-бір әкімдік қанша екенін нақты айта алмайды. Ал дамыған Еуропа елдерінде бұқаралық спорт пен жоғары деңгейлі спортқа бөлінетін қаражаттың арақатынасы 47 де 53 пайызды құрайды.

Министр де бұл мәселеге жауабын дайындап қойғандай-ақ. Айтуынша, қаражат бөлудің арнайы ережесі бар. Соны сақтамаса, жергілікті әкімдіктер заң алдында жауап береді.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- 153 миллиард теңге республика бойынша бұқаралық спортқа бөлініп жатыр. Бұл бұқаралық спортқа бөліну керек және тағы да айтып кетейін, 2017 жылы министрліктен спорт түрлерін саралау ережелеріне сәйкес, осы бөлінген қаржы бұқаралық спортқа бөліну керек. Егер әлдебір жергілікті әкімшіліктер осы ережені орындамаса, ол әрине құқықтық түрде сұралады.

Сағаттап отырып шағымын тауыса алмаған халық қалаулыларының біразының айтары ішінде кеткендей болды. Себебі, сөз алғысы келгендер көп. Солардың бірі – қайда жүрсе де ұлттық спортты аузынан тастамайтын Бекболат Тілеуханның өз ұсынысы бар.

Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты:

- Ат бар. Ат болған соң иесі бар. Оған мінгісі келетін адам көп. Арасында дәнекер жоқ. Бұл ат дейтін нәрсе адаммен қарым-қатынасы болғанда, атқа мінген адамның қимылдамайтын бұлшықеті қалмайды. Мойнынан бастап, аяғына шейін, тақымына шейін бәрі қимылдайды. Бұл – ем. Бұл бұқаралық спорт ретінде дамытатын болса, кішігірім бизнес.

Спортты жалпы халыққа қолжетімді ету туралы әңгіме айтпас бұрын, алдымен мектептерді жөнге келтіру керек-ақ. Еліміздегі 7200 мектептің 27 пайызында спорт залы жоқ. Осындай жағдайда отырған ауыл мектептерінің саны мың жарымнан асады. Мибатпаққа батқан саланың жағдайын мәжілістегілер министрдің есіне мықтап салды.

Омархан Өксікбаев, Мәжіліс депутаты:

- Әрине, сүйегінен миына дейін мәдениеттің саласында жүрген адамға осы спорттың бәрін егжей-тегжей біл деп сұрау қиын да шығар. Бірақ иығыңызға осы жүкті алғаннан кейін, Ақтоты Рахметоллақызы, осы мәселені сіз де кішкене, музыканың үнінен анау спорттың үнін, стадионның үнін кішкене құлағыңызға, миыңызға құйғаныңыз жөн шығар.

Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі бұқаралық спортты дамыту мақсатымен арнайы заң жобасын дайындап жатыр. Ондағы бір ерекшелік, енді жұмыс уақытында қызметкерлерде жаттығу жасауға 10 минуттық үзіліс берілуі мүмкін. Ал заң жобасы сәуір айында Парламент қарауына ұсынылады.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

15 мамыр

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде