{metadescription}
Блок бекеттерінің күйі мен жанайқайы – Алматы, Нұр-Сұлтан 
Блок бекеттерінің күйі мен жанайқайы – Алматы, Нұр-Сұлтан 

Блок бекеттерінің күйі мен жанайқайы – Алматы, Нұр-Сұлтан 

Карантин алдындағы қарбалас! Алматыда өзге жақтан келген тұрғындар басқа қалаларға қайта алмай әуре-сарсаңға түсті. Себеп: автобустарда орын жоқ. Такси құнын 3-4 есеге қымбаттатқан. Жанталасқан жұрт оған да көнуге мәжбүр. Бүгін түнгі сағат 12- де Алматы мен Нұр-Сұлтанға кіріп-шығу тоқтайды. Блок бекеттердің күйі мен жанайқайы.  

Жөңкілген көліктер, абыр-сабырға түскен адамдар – Алматының шыға беріс қақпасындағы таңнан бергі жағдайы. Жұрт Қызылорда, Шымкент, Тараз бағытына қайта алмай әлек. Қол көтеріп тұрғанына сағаттан асқан. Тоқтап жатқан такси жоқ. Автобуста орын жоқ. Болған күннің өзінде құны күрт қымбаттаған.

Нұрлыбай Ермаханов – Таразға қайта алмай тұрған тұрғындардың бірі. Дендеген дерттің дақпыртымен қалтасын қампайтып қалмақтарға өкпесі қара қазандай.

Нұрлыбай Ермаханов, Тараз қаласының тұрғыны:

- Осындай жағдай болғанда халықты да сәл ойлау керек. Бәрі қымбаттатып алған. 10 мыңнан дейді. Үлкен машиналар 7 мың деп тұр.

Лек-легімен ағылып жатқан көліктердің көбі тоқтауға құлықсыз. Көрінбейтін кеселдің «кесірі тимесін» деп қауіптенетіндей. Алып кетуге келісетіні ойына келген бағасын айтады.

Қазір 6 мың дейді. Бұрын екі жарым мыңнан.

- Күрт көтеріп жіберді. 8-9 мың деген масқара!

Шыбын жанын шүберекке түйгендер автобустар 15 мың деп айтса да, ақшасын аямай артылып жатыр. Жүргізушілер Алматыға әзірге келе алмасын білген соң, «бағаны көтеруге мәжбүр болдық» деп ақталады.

Қаладағы автовокзалда да қарбалас. Кассада кезек. Бірақ, билет жоқ. Қосымша автобустар қосылған. Бірақ, бұл нөпірдің бәрі оған сыйып кетуі екіталай.

Ерлан Әбілдаев, Сайран автобекеті жолашыларды тасымалдау қызметінің басшысы:

- Келген қосымша автобустар бар. Өзіміздің күнделікті рейстің автобустары бар. Бәрін алуға тырысамыз, сағат 11-ге дейін шығып кетуі керек. Өйткені олар 12-ге шейін шекарадан өту керек.

Ал бүгін түнгі 12-ден бастап Алматының 27 жеріне блок пост қойылып, кіріп-шығу шектеледі. Күшейтілген дәл осындай тәртіпке елорда да көшеді. Бас қаладағы жағдай мен карантин кезіндегі қозғалыс ережелерінің егжей-тегжейі:

- Жол шетінде тұрған бетон блоктар түнде осы жолдың бойына бөгет ретінде қойылуы тиіс. Біз қазір елордадан Қарағандыға шығатын күре жолының бойында тұрмыз. Қозғалыс әзірге шектелмеген. Бірақ түнгі сағат 12-ден бастап мына көлік ағыны түгел тоқтайды.

Жолды бөгейтін бетон блоктар бұл жерге күндіз жеткізіліп қойылды. Межелі уақыт жеткенде күре жолға қоя салады. Түс ауа төтенше жағдай қызметі де жылыту үйшігін жеткізді. Ал түнде әскерилер мен басқа да күштік құрылым өкілдері тартылып, бір ай бойы бас қаланың карантин жағдайын күзетеді. Жалпы, қала айналасындағы 6 кіреберіс осылай жабылады.

Ержан Сәденов, Нұр-Сұлтан қалалық ПД бастығы:

- Бұл бекеттер елорданың маңындағы Жібек жолы, Қосшы, Қараөткел, Талапкер және Қоянды ауылдарының маңында орналасқан. Департаментте жедел штаб құрылды. Онда азаматтардан туындаған мәселелер қаралып, шұғыл түрде шаралар қабылданады.

Қаланың карантинге қамалатынын естіген жұртшылық бүгін кешке дейін қалаға келетіні келіп, кететіні кетіп қалуға жанталасып жатыр.

Ал қала ішінде коронавирустың таралмауы үшін 231 қонақүй түгел дезинфекцияланып жатыр. Оның 11-і қазірдің өзінде өз еркімен уақытша жабылған. Одан бөлек, қаладағы 1010 қоғамдық көлік аялдамасын үш компания күнделікті арнайы химикаттармен тазалауға көшкен. Уақыт тым тапшы. Әкімдікпен келісім-шартқа отырып та үлгермеген. 

Шамиль Гадижаев, тазалық компаниясының директоры:

- Қазір біз көмектесіп жатырмыз. Келісім-шарт деп жүретін уақыт болған жоқ. Барлығын өз қаражатымызға істеп жатырмыз. Тез арада үш компания бас қостық та жұмыс жоспарын жасадық.

Ал жұмысы Нұр-Сұлтан мен Алматыда, өзі облыс аумағында тұратындар карантин жағдайында «күніміз қалай болады?» деп уайымдай бастаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов оның жайын былай түсіндірді.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Егер де жұмыс берушінің тарапынан жоғарыда мен айтқан бүкіл шараларды, қысқартылған жұмыс күні немесе ақылы демалысты беру, қашықтан жұмыс істеу қарастырылмаса, ол азаматтар өзінің жұмыс орнына, Алматы, Нұр-Сұлтан қаласына келетін мүмкіндігі болады. Қарастырылып жатыр. Арнайы жұмыс берушінің тапсырысы бойынша әкімшілік тиісті рұқсатнама беретін болады.

Президент тапсырмасымен мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің 70 пайызы қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшуі тиіс. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі берген түсініктемеге сай, оның мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына қатысы жоқ. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.