{metadescription}
КТК тілшісі Алматыда карантинге жабылған тұрғындармен тілдесті
КТК тілшісі Алматыда карантинге жабылған тұрғындармен тілдесті

КТК тілшісі Алматыда карантинге жабылған тұрғындармен тілдесті

Алматыдағы індет тараған 10 орын қоршауға алынды. Енді ол жердегі тұрғындар уақытша сыртқы әлеммен байланыссыз өмір сүреді, ешқайда шыға алмайды. Оқшауланған аумаққа бөгде адамның да  аттап басуына тыйым салынған. Тілшіміз карантинге жабылған тұрғындармен тілдесіп келді.

Алматының элиталық ықшамауданындағы тұрғын үйлер кеше түнде қоршауға алынды. Содан бері айналасында Ұлттық ұлан сарбаздары мен полицейлер қаз-қатар тізіліп тұр. Зәулім үйлердің кіреберісіне темір шарбақ ойылған. Бұл аумаққа ешкім кіре алмайды. Ал іштегілер сыртқа аттап баса алмайды.

Кілең қалталылар тұратын Almaty towers кешенінде 22 қабатты үш үй бар. Бұл  320 пәтердің тұрғыны сыртқы әлемнен ажырап қалып отыр. Осы аумақта ауру ошағы табылған. Сол себепті тұрғын үй кешеніндегі адамдар карантинге жабылды. Жұрт даладағы жағдайды таңертең бір-ақ көріп, аң-таң болғанын айтады.

Натали Робертс, Алматы қаласының тұрғыны:

Қазір мына жерге келсем, адамдар менен қашып жатыр. Бұл не деген масқара?! Бізге алдын ала ештеңе айтылған жоқ. Ескерту болмады. Кәрі әке-шешем үйде жалғыз қалып қойды, мен де мына жердегі пәтерімде бір өзім қалдым.

Тұрғын үй кешенінің аумағында тек азық-түлік дүкені жұмыс істеп тұр. Бірақ мұндағылардың басым бөлігі дайын тағам жеткізу қызметіне жүгінуде. Ал «анализ ешқайсымыздан алынбады» дейді тұрғындар. Қала орталығындағы бес қабатты ғимараттың тұрғындары да уақытша оқшаулы өмір сүретіндер қатарында.

Бұл нысанда оқшауда қалған адамдардың жалпы саны 201. Ең қиыны, тұрғын үйдің ауласында азық-түлік дүкені де жоқ. Сондықтан, жұрт керек-жарағын алуға жақын маңдағы дүкенге тек полицеймен еріп бара алады. Маңайда жүрген шенеуніктер бұдан өзге адамдарға қауіп төнбейтініне сенімді.

Мәди Қыдыров, Алмалы ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Дүкеншімен қарым-қатынас жасамайды. Дүкеншіден біздің ережемізге сәйкес 1...2 метр қашықтықта сөйлеседі. Есік ұсталынбайды.

Ұлттық гвардияның санитарлық қызметкерлері бұл жерде күніне екі рет залалсыздандыру жұмысын жүргізуде. Олар қоршалған тұрғын үйдің ауласын және подьездерін тазалайды. Бұл нысандарды да сарбаздар мен сақшылар қатаң қадағалап тұр. Жалпы, қалада эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша коронавирустың 10 ошағы анықталған.

Алматы қаласының әкімдігі:

- Алматы қаласындағы 10 ауру ошағының үшеуі Алмалы ауданында, үшеуі Медеу ауданында, екеуі Түрксіб және бір-бірден Жетісу мен Алатау аудандарында анықталды. Инфекцияның таралу сипатына қосымша талдау жүргізгеннен кейін және эпидемиологтардың қорытындысын негізге ала отырып, ошақ аймағының шекарасы көппәтерлі үйдің подьездіне дейін қысқартылды.

Осылайша тек кешке қарай қала әкімдігі квартал бойынша карантиндеу туралы шешімнің күшін жойғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, оқшаудағы тұрғындардың жұмыс орны сақталады. Олар аса қажет жағдайда ғана дәрігер және полицейлермен бірге қоршалған аумақтан шыға алады екен. Карантин режиміне бағынбай қарсылық танытқан адамдардың 15 күнге дейін абақтыға қамалуы мүмкін. Ал егер сақшылармен төбелесуге дейін барса, 3 жылға дейін сотталуы мүмкін.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде