{metadescription}
Шымкенттегі блок-бекеттен репортаж
Шымкенттегі блок-бекеттен репортаж

Шымкенттегі блок-бекеттен репортаж

Шымкентте сақтық шаралары күшейтіліп жатыр. Қалаға кіріп-шығатын жолдарға блок-бекеттер қойылды. Ал қауіпті вирус анықталған екі азаматтың бірі жұқпалы аурулар ауруханасында. Онымен қатынаста болған адамдар карантинге жатқызылған. Нұр-Сұлтаннан бес күн бұрын келген бұл науқастың тұратын ауылы да толық оқшауланды. Және де автобуста бірге келген 16 адам іздестірілуде. Шымқаладағы сақтық шаралары мен жұрттың көңіл-күйін тілшіміз жеткізеді.

Шымкент шетіндегі Жаңаталап ауылы кешеден бері сілтідей тынды. Коронавирус алғаш боп анықталған 24 жастағы жігіт 20-шы наурыз күні Нұр-Cұлтан қаласынан келген. Қазір Жаңаталап ауылы оқшауланып, вирус жұқтырған азамат ауруханада жатыр. Атқамінерлер онымен қарым-қатынаста болғандардың барлығы тексеріліп, карантинге алынғанын айтады. Бірақ елордада таратылған ресми ақпарға сүйенсек, автобуста болған 16 адам әлі іздестірілуде.

- Қай жақтан келе жатсыздар?

- Түркістан.

- Қалада карантин, білесіздер ғой, иә? Неге бетперде тақпайсыздар? 

Енді қалаға кіріп-шығатын 12 блок-бекет орнатылып, дәрігерлер мен полицейлер күзетуде. Дәрігерлер келіп жатқандардың дене қызуын тексеруі керек. Оған қолда арнайы аппарат та бар. Бірақ онысын көп қолданбайды.

- Біріншіден, үлгере алмай жатырмыз. Екіншіден, 2 мыңнан астам машина өткеннен кейін бұның батарейкасы отырып жатыр. Қазір бізге қайтадан келеді.

- Оның арасында індет жұқтырғандар, вирус жұқтырғандар кіріп кетсе ше?

- Біз, біріншіден, олардан қандай жақын арада кеселде болғанын сұрап жатырмыз, осы14 күн ішінде Алматы, Нұр-Сұлтаннан келген бе, соны сұраймыз. Жоқ болған жағдайда, жібереміз.

Полицейлердің сөзінше, қалаға кіреберісте әр көлік тоқтатылып, ішіндегі жолаушылар туралы мәлімет қағазға түсірілуі тиіс болған. Бірақ бұл процедура ұзақ уақыт алып, салдарынан ұзын-сонар кептеліс орнайды. Сөйтіп жолаушылар айғайға басқан соң, бұл ойдан бас тартқан сияқты. Қазір жеңіл ғана бір тексеріп, барлығын кіргізіп жатыр.

Тәртіп сақшылары тек жолаушы тасымалдаған көліктерді ғана жіті тексеріп, мәліметтер жазумен шектелуде. Ал жалпы келіп жатқандардың барлығын тапсырмаға сай тексеріп шығу мүмкін емес дейді.

- Мысалы жеке-жеке бәрін қалай тіркейсің? Ана жақта 20 адам тұрса да, біртіндеп оның бәрін толтыра алмайды. Мен сізге кепіл беремін.  

Блок-бекеттер қойылып, кіріп-шығып жатқандар ығы-жығы болғанымен, қаланың өзінде дүрлігу жоқ.

Айгүл Есенбек, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Құдай сақтасын, Алланың қолында ғой, жұғу-жұқпауы. Сіздің өзіңізге де жұғуы мүмкін. Негізі карантин деді, жұмысқа шақырған еді. Содан қазір шығып келе жатырмыз. Дәріханаларан сұрасақ, бірінде де бетперде жоқ.

Шымкентте тағы бір коронавирус жұқтырған азамат тіркеліп, олардың саны екеуге жетті. Ал 19-ынан бері карантинге алынған Нұр-Сұлтан мен Алматыдан шымкенттіктердің ағылып келгенін ескерсек, бұл көрсеткіш көбеюі мүмкін деген күдік бар.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде