{metadescription}
Сауапқа кенелемін деген мұсылманға пандемия тосқауыл емес
Сауапқа кенелемін деген мұсылманға пандемия тосқауыл емес

Сауапқа кенелемін деген мұсылманға пандемия тосқауыл емес

Бұл Рамазан бұрынғылардан өзгерек! Күллі әлемді үркіткен коронавирусқа байланысты діни жоралғылардың өзі биыл басқа үлгіде өтуде. Мәселен, мешіттерде жамағатпен тарауық намазы оқылмай жатыр. Көпшілікті жинап ауызашар беруге де тыйым салынған. Өйткені бұл жоралғылар карантин ережелеріне сай келмейді. Пітір садақаны да Алла үйіне барып төлеуге мүмкіндік жоқ. Десе де сауапқа кенелемін деген мұсылманға пандемия тосқауыл емес дейді діндарлар.

Алматылық Ақтолқын Тәжікова қасиетті Рамазанды асыға күтетіндердің бірі. «Биыл айлардың сұлтаны коронавирус пандемиясымен тұспа-тұс келгенімен, ораза әдеттегідей өтіп жатыр» - дейді ол. Бірақ шектеуге қарамастан ауызашарға шақырып, тығырыққа тірейтіндер бар екен.

Ақтолқын Тәжікова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Ауызашарға шақырып жатқандар бар, негізі. Көп емес, бірақ, бар. Түсіндіруге болады ғой. Көркем түрде жеткізуге болады. Алла бұйырса, карантиннен аман-есен шығайық, сосын бәрі болады. Мүмкін Рамазан біткенге дейін карантин аяқталып қалар деген сияқты нәрселер, иә, егер аяқталмаған күннің өзінде реніш болмасын, сіздің мені шақырамын деген, жасаймын деген ниетіңіздің өзіне Аллах тағала сізге сауап жазсын деген сияқты, солай түсіндіруге болады.

Ал діни мамандар жұртты жиып ауыз аштыру карантин ережесіне сай келмейтінін ескертеді. Вирус қаупі жойылмағандықтан, бұл жоралғыдан бас тарту керек. Әрі ораза ұстағандарды қонақ қылудан бөлек, сауапқа кенелудің түрлі жолы барын еске салды.

Қанат Алшынбаев, ҚМДБ діни оңалту бөлімінің меңгерушісі:

- Міндетті түрде үйге ет асып, қонақ шақыру міндет емес. Егер сіз білген болсаңыз, ораза ұстап жүрген адамға құрма апарып беріңіз, су апарып беріңіз. Міне осылайша ауызашар ұйымдастыруға болады. Ауызашардың жолы көп.

Айлардың сұлтанында мол сауап алудың тағы бір жолы - жағдайы төмен отбасыларға көмектесу. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында еріктілер мен «Зекет» қоры бірлесіп, күн сайын мұқтаж жандарға ыстық тамақ таратып жатыр.

Талғат Омаров, «Зекет» қорының директоры:

Міне, бүгін 50 жанұяға тараттық. Ертең 140 жанұяға таратамыз. Осылай бір аптаның ішінде біз бірнеше мұқтаж жанұяларға таратып отырамыз. Мешіттерден бізге тізім береді, осы мұқтаж жандарға көмек беру турасында.

Бұрын исламдағы ұлық мереке бастала салысымен мешіттерде тарауық намазы оқылатын. Ал бұл жолы жамағат болып құлшылық қылуға тыйым салынған. Десе де имамдар құранды да, уағызды да онлайн оқуға көшіпті.

Қанат Алшынбаев, ҚМДБ діни оңалту бөлімінің меңгерушісі:

- 30 күн бойы Құран хатым етіледі. Хатым дегеніміз, құранды басынан аяғына дейін оқып шығу. Осының өзі де онлайн жүргізіледі. Сонымен қатар мешітімізде, Әзірет-Сұлтан мешітінде онлайн дұғаның өзі де ұйымдастырылған.

Пітір садақаны да Алла үйіне барып төлеуге мүмкіндік жоқ. Оны жұрт қалаған мешітінің есеп-шотына аударып жатыр.

Бұрынғылардан өзгеше бұл ораза 23-мамырда аяқталады. Ал қасиетті Қадір түні осы айдың 19-ынан 20-сына қараған түні.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде