{metadescription}
Қалқаман тұрғындары малын әкімдіктің алдына айдап апарды – Павлодар облысы
Қалқаман тұрғындары малын әкімдіктің алдына айдап апарды – Павлодар облысы

Қалқаман тұрғындары малын әкімдіктің алдына айдап апарды – Павлодар облысы

Павлодар облысында жалғыз өрісінен айырылған жұрт төрт түлігін тура әкімдік ғимаратының алдына айдап апарды. Қалқаман ауылы тұрғындарының айтуынша, олар жылдар бойы малын баққан аумаққа бүгінде аттап баса алар емес. Өйткені онда жергілікті кәсіпкерлердің бірі бау-бақша егіп тастапты. Ал жер заң бойынша жалға берілгенін айтқан шенеуніктер маңайда басқа жайылым жетеді деп жайбарақат отыр.

Көк шыққалы төрт түлігін бағатын жер таппай сандалған Қалқаман ауылының тұрғындары. Өрісі тарылған жұрт бұған шенеуніктерді кінәлап отыр. Ашуға бой алдырғандар бүгін малын тура әкімдіктің алдына айдап әкелді.

- Ал, сиырлар, жайылыңыздар! Сендерге жер жоқ, сендердің аттап шығатын жерлеріңнің бәрін алып қойған! Енді ертеңнен бастап осында жайылып қайтасыңдар!

Қыстан әрең шыққан мал өріс болмаған соң маңайға төгілген қоқысты жем қылуда. Ал мәселе көтеріп әкімге сан рет барған тұрғындар сол күйі тұщымды жауап ала алмапты.

Айболат Долдырұлы, Қалқаман ауылының тұрғыны:

- Мысалы, 500 мың теңгені алып, екі сиыр алғандар бар. «Сүт сатамын» дейді, «мал өсіремін» дейді. Өсіретін мүмкіншілік келтірмей тұр.Қалқаманға бір әкім келеді, «біз жөндейміз» дейді, бізді құр сөзбен шығарып салады. Содан халық, біз өзіміз кезекке шығатын кісі жоқ, 10-20 үй бірігіп, малымызды мына қоқысқа, көрінген жерге қайырып жүрміз.

Шенеуніктер мал жайылатын аумақты жалға беріп жіберген. Ал жұрт ірі қарасын алты қырды асырып айдайын десе, арғы жағы – темір жол, бергі жағында – қозғалыс тыйылмайтын тас жол. Бұрынғы өріс бүгінде біреудің тәп-тәуір кәсібіне айналған.

Ауылдықтар жылдар бойы малын баққан өріс. Ал бұл жерді бірнеше жылға жалға алған жергілікті кәсіпкерлердің бірі мұнда жуа, аскөк және орамжапырақ егеді. «Сол кәсіпкерлер көкөніске кенелгелі, мал бағатын жерден қағылдық», - дейді.

Төрт түлікпен жан баққан ауылдықтардың айтуынша, жайылым мәселесі туындағалы Қалқаман ауылында мал саны үш есе азайған. Ал қалған сиыр, бұзауын әкімдік алдына айдап әкелген жұртты әкім сабырға шақырып әлек.

Нұрбұлан Мұсабеков, Қалқаман ауылдық округінің әкімі:

- Жолдың ар жақ басында, Ақжол жаққа қарай жаюға болады. Бер жақта тағы да мал бағатын шағын жерлер бар. Бірақ суат мәселесі боп тұр, дәл сол жерде мал суаратын өзекше бар. Түс кезінде, күн ысығанда қара мал сол суатқа барады. Сол кезде ылғалдың иісін сезіп, бәрібір сол жаққа мал кете береді, көкөніс өсіп тұрған жерге.

Бау-бақша еккендердің бұл жерді таңдауы тектен-тек емес. Топырағы құнарлы жерге өзектен тегін су да келіп тұр. Әкімнің айтуынша, кәсіпкерлер енді өнімін ірі қара таптамауы үшін аумақты бір аптаның ішінде қоршауы тиіс. Ал жайылымнан айырылған тұрғындар мал мен жан үйренген дәл осы аумақ жабылған жағдайда, «тобымызбен жол жабуға шығамыз» деп бекініп отыр.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде