{metadescription}
Бала дауысы: 20 әншінің аты-жөні бүгін белгілі болады
Бала дауысы: 20 әншінің аты-жөні бүгін белгілі болады

Бала дауысы: 20 әншінің аты-жөні бүгін белгілі болады

Үздіктер анықталатын сәт таяды! Бір сағаттан соң «Бала дауысы» бесінші ұлттық ән байқауының ақтық сынына өткен 20 қатысушының есімі белгілі болады.

Биыл карантинге байланысты өнер додасының іріктеу кезеңі онлайн түрде өтті. Оған бейнеөтінім жолдаған кішкентай әншілердің саны 4 мыңнан асады.

«Бала дауысы» ұлттық ән байқауының мерейтойлық бесінші маусымы. Доданың іріктеу кезеңі карантинмен тұспа-тұс келгендіктен, оны онлайн түрде өткізуге тура келген. Балалар өз өнерін видео түрінде жолдапты.

Байқаудың ауқымы жылдан жылға ұлғайып келеді. Биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 8-12 жас аралығындағы 4135 бала бейнеөтінім жіберген.

Оларды әнші Әли Оқапов пен Данияр Өтеген және жобаның музыкалық продюсері Фарида Ниязова мұқият тыңдап шықты. Қазылар кішкентай жұлдыздардың өнерін бағалау оңай еместігін айтады.

Данияр Өтеген, қазылар алқасының мүшесі:

- Өте қиын. Себебі, өзіміз де әрине кішкентайымыздан бастап осындай жобаларға қатыстық. Біраз жобалардан өтпей қалған кездер болды, ұтпаған кездер болды. Сондықтан балалардың жүректегі сезімін дәл түсінемін.

Дәстүрлі қазылар қатысушылардың деңгейі де жылдан-жылға өсіп келе жатыр дейді. Әсіресе ұл-қыздар өздеріне лайықты ән таңдауды үйреніпті.

Әли Оқапов, қазылар алқасының мүшесі:

- Осы жылы балалардың таңдаған әндері таң қалдырды. Өйткені өткен жылдары, өкінішке қарай, балалардың басым көпшілігі сол айналдырған 5-6 әнді айта беретін. Ал дәл қазір қарасақ, әртүрлі жанрда, стильде.  

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, байқаудың ақтық сынына жолдама алған 20 баланың аты-жөні бүгін 21.00-де белгілі болады. Тізім baladauysy.kz сайтында және байқаудың инстаграм желісіндегі парақшасында жарияланбақ. Өнер додасының ұйымдастырушылары финалға өтпегендерді де назардан тыс қалдырмайды.

Толғанай Хасен, «Бала дауысы» ұлттық ән байқауының ұйымдастырушысы:

- Байқауымыздың қорытындысына қарамай, барлық балаларға, 4135 балаға біздің пошта арқылы байқаудың атынан сыйлық жіберіледі.

Байқаудың ұйымдастырушылары: Мәдениет министрлігі, Тұңғыш Президент қоры, Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры. Балаларға  диплом, сәнді бейсболка және фирмалық эко-сөмке сыйлайды. Ал мерейтойлық финал күзге жоспарланып отыр. Іріктеуден өткендер Алматыға алдын-ала келіп, жұлдызды үйде дайындалады. Дәстүр бойынша әр балаға тәлімгер тағайындалады.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде