{metadescription}
Алматыдағы сауда үйі әкімшілігінің түлкі-бұлаңы саудагерлерді әуре-сарсаңға түсірді
Алматыдағы сауда үйі әкімшілігінің түлкі-бұлаңы саудагерлерді әуре-сарсаңға түсірді

Алматыдағы сауда үйі әкімшілігінің түлкі-бұлаңы саудагерлерді әуре-сарсаңға түсірді

Алматыда қымбат ауданда орналасқан сауда үйінен нәпақасын айырған кәсіпкерлер дабыл қақты. Олардың айтуынша, қалада үш күннен бері түрлі сауда нысандары жұмысын бастағанымен, бұл орталық әлі есігін ашпаған. Карантин режимі басталғалы бері табыстан қағылдық деген ашулы топ кімнен көмек сұрарын білмей дал. Ал сауда үйінің басшылығы бар кінәні жергілікті әкімдікке аударып отыр.

Жұмыс орнын торуылдаған саудагерлер апта басынан бері әуре-сарсаңға түсіп сабылғанын айтады. Себебі, қаланың қымбат ауданында орныққан орталық өзге сауда нысандарымен бірге үш күн бұрын ашылуы тиіс болатын. Алайда кәсіпкерлер карантин басталғанда тоқтап қалған саудасын  қыздырмақ түгілі, бутиктеріне кіре алмай жүр.  

Ерғазы Дүйсебаев, кәсіпкер:

- «Восход» дүкені карантинге байланысты 22 наурыздан бастап жабылды. Сол күннен бастап әлі күнге дейін жұмыссыз жүрміз. Өйткені табыс көзіміз – тек осы дүкеннен. Әкімшілік толыққанды жауап бермей отыр. Қашан ашыламыз, қай күнде ашыламыз, жобамен қай кезде болады – белгісіз.

Ашулы топтың айтуынша, бұл жерде 50-ге жуық жеке кәсіпкер нәпақасын айырады. Оған сатушыларды қосқанда, барлығы 100-ден астам адам табыссыз қалған.

Тағаты таусылғандар тауарларын үйіне тасып, ғаламтор арқылы сатуға бекініпті. Бірақ екі ай бұрын жабылған есік әлі ашылар емес. Ал сауда үйінің әкімшілгі бар кінәні жергілікті әкімдікке аударды. 

Нұрсұлтан Тұрсынов, сауда үйінің әкімшісі:

- Дүкеннің ашылуына қатысты жиырмасына дейін әкімдікке хат жолдағанбыз. Бізге әкімдік ешқандай рұқсатнама берген жоқ. Тағы да хат жолдап жатырмыз, келіп, тексерсін. Біз олардың қойған талаптарының бәрін орындадық.

Әкімдіктегілердің айтары басқа. «Жағдаймен таныспыз» деген шенеуніктер әп-сәтте сауда үйі қызметкерлерінің өтірігін әшкереледі.

Берік Солтанбаев, Медеу ауданы әкімінің орынбасары:

- Өздеріңіз білетіндей, 25-нен бастап мекемелер ашылып жатқаннан кейін, біз алдын ала ол кісілерге, басшыларына телефонмен хабарластық. Ескерттік: «Келеміз, талаптарымыз бар, соларды жасаңыздар, дүкенді ашып береміз» - дедік. Бірақ «Восход» сауда үйінің тарапынан еш әрекет болған жоқ.

Әкімдіктегілердің айтуынша, бұл орталық елде төтенше жағдай жарияланғанда «жабылмаймыз» деп доқ көрсетіп, айыппұл арқалаған көрінеді. Тіпті екінші мәрте тәртіпке бағынбағанда, жетекшісі бес тәулікке қамалыпты. Ал әуре-сарсаңға түскен саудагерлер мен билік өкілдері сауда үйі әкімшілігінің түлкі-бұлаңға салған әрекетін түсінбей әлек. Себебі, өтініш түсірсе, тексеруге бар-жоғы бір сағат уақыт кетеді екен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

24 қыркүйек

23 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде