{metadescription}
Bek Air жолаушыларына билет құнын төлеп беретін болды
Bek Air жолаушыларына билет құнын төлеп беретін болды

Bek Air жолаушыларына билет құнын төлеп беретін болды

«Бек эйр» жолынан қалдырған жолаушыларына 54 миллион теңгеден астам билет құнын төлеп беретін болды. Алматы соты бүгін осындай шешім шығарды. Одан бөлек, қосымша шығындар үшін деп тағы 16 миллион теңгеден астам қаражат төлеуі керек.

Былтыр желтоқсанда болған ұшақ апатынан кейін әуе компаниясының қызметі тоқтатылған еді. Ал билет алып қойған жолаушылар жолынан қалып, оның үстіне, билет құнын да қайтара алмай қалған. Бірақ, «Бек эйрдің» әлі де басынан дау арылмайтын сияқты. Себебі, сотқа шағым түсіріп үлгермеген жолаушылар да бар.

«Бек Эйрден» ақшасын қайтара алмай сенделгендердің бір парасы құжатын құшақтап астанада да жүр. Жыл басында сатып алған билеттерінің түбіртегі әлі қолдарында. Ал бүкіл ел көлеміндегі жолынан қалған жолаушылар әр қалада әлеуметтік желілерден чат ашып тастаған. Әрқайсысының ішінде отырғандар жүздеп саналады. Былтыр желтоқсандағы ұшақ апатынан кейін барлығы да ұша алмай, содан бері билет құнын қайтара алмай жүргендер.

Еркегүл Амангелді, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- 13-қаңтар күні маған хабарлама келді, рейс ұшпайды, ұша алмайсыз деп. Содан кейін мен тура сол күні «Авиатаға» телефон соқтым. Олар «жақсы, билет қайтарылады, 3 күннен 1 айға дейін күтіңіз» деді. Мен күттім. Бір айдан кейін звондадым. «Авиата» біз бұл іске жауап бермейміз, өйткені «Бек Эйр» бізге ақшасын қайтарған жоқ.

Ақшасын қайтара алмағандардың орынды сұрағы бар. Олардың айтуынша, заң бойынша мұндай компаниялар өз қызметтерін сақтандырып отыруы керек. Неге солар арқылы сан соғып қалған жолаушылардың шығынын төлеп бермейді деп күйінеді.

Нұрқанат Абатов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Әуе тасымалдаушылары өз қызметін сақтандырып отыруға міндетті. «Бек Эйр» да сақтандырылған болуы керек. Енді неге сол сақтандыру компаниясының ақшасымен біздің мәселемізді шешіп тастамайды. Ары қарай кім кінәлі екенін өздері асықпай қарай берсін.

Бұл сұрақ та жабулы қазан күйінде қалып тұр. Бұлар билет құнын даулап жүргенде, сол апатқа ұшыраған ұшақтың ішінен аман қалған жолаушылардың өзіне әлі күнге билет құны төленбеген. Көрер жарығы таусылмаған Надежда Карнаеваның бүгінде денсаулығы нашар.

Надежда Карнаева, зардап шегуші:

- Соққыдан жарақат алдым. Сөйтсем, омыртқам орнынан жылжып кетіпті. Оны УЗИ жасатып білдік. Әйтеуір ажырап кетпеген, тек едәуір жарақат екен. Содан кейін кекештеніп қалдым. Тіпті екі апта бойы жарытып сөйлей алмай жүргенім бар.

Осы апаттан кейін Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті әуе компаниясын сотқа берген еді. Төрт айға созылған даудың бүгін шешімі шықты. Комитеттің шағымы қанағаттандырылып, «Бек эйр» зардап шеккен жолаушыларына 54 миллион теңге төлеуге міндетелді.

Айта кетейік, «Бек Эйр» әуе компаниясына тиесілі «Фоккер-100» ұшағы 27-желтоқсанда Алматы іргесінде таңғы сағат 7-ден 21 минут өткенде апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 98 адам болған, оның 9-ы кішкентай бала. Апаттан 12 адам қаза тапты.

Істің ақырына жетіп, ақшасы қайтарылатын 900-ден астам жолаушының бүгінде көңілі тоқ. Дегенмен жолы болмаған жолаушылардың арасында Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне өтініш беріп үлгермегендер әлі де бар. Сондықтан әуе компаниясына қатысты сот ісінің бұл соңы емес сияқты. Олар енді тиісті қаражатын компаниядан азаматтық іс арқылы өз бетінше өндіріп алуы керек.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.