{metadescription}
Ажырасқандардың араздасуын заң жүзінде қалай реттеу керек?
Ажырасқандардың араздасуын заң жүзінде қалай реттеу керек?

Ажырасқандардың араздасуын заң жүзінде қалай реттеу керек?

Бұрынғы күйеуі қоқан-лоққы көрсеткен Қостанай облысындағы келіншек көз жасын бұлап әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен көмек сұрады. Айтуынша, төрт жыл бұрын ажырасса да, бұрынғы күйеуі қыр соңынан қалмай, тіпті бетіне күкірт қышқылын шашамын деп қорқытқан. Жұрт жабыла озбыр күйеуді жамандап жатқанда, ол да қалыспай бейнеүндеу жариялады. «Отасқан күннен жарыма жұдырық жұмсамадым, қорқытпадым» деп, өзін барынша ақтауға тырысқан екен. Жалпы, ажырасқандардың араздасуын заң жүзінде қалай реттеу керек?

Әйелі кетіп қалса да, соңынан қалмайтын күйеулерге нендей тыйым бар? Бұл сұрақтарға жауапты тілшіміз іздеп көрді.

Күйеуінен қорлық көргендерге қол ұшын созатын қордың әлеуметтік желісіндегі Айсұлу Байтықованың бейнеүндеуі жарияны жай қалдырмады. Ажырасқанына төрт жыл болса да, келіншектің сөзінше, бұрынғы күйеуі қорқытуын қояр емес. Полицияға да шағымданған екен, бірақ қайыр  болмаған.

Айсұлу Байтықова, Қостанай облысының тұрғыны:

-Арыз жазғаныма бір айдан аса уақыт өтті. Неге әрекет етпейді? Полицейлердің өзі қауқарсыз болып отырғанда, қайда баруым керек? Қаншама сот болса да, үнемі бұрынғы күйеуімнің пайдасына шешіледі. Менің үнімді естігендер болса, көмек сұраймын.

Бейнежазбаны көргендердің көңілі нілдей бұзылды. Бірі ұрам-соғам деген бұрынғы күйеуді күстаналаса, екіншілері арыз жазылғанымен, әрекет етпей отырған шенділерді сыбады. Ажырасқандардың арасында бір қыз бар екен. Келіншектің шулы үндеуінен соң, іле-шала күйеуі де жазбасын жариялап үлгерді.

Әлібек Байтықов, Қостанай облысының тұрғыны:

-Әуелде бұрынғы әйелімнің жазбасына назар аудармап едім. Бірақ әлеуметтің ашуын тудырып, мені және туыстарымды қорқытушылар көбейе бастаған соң, амалым қалмады. Айсұлудың айтқаны шындыққа жанаспайды. Отасқан күннен жұдырық жұмсамадым. Әрі қазіргі уақытта соңынан қалмай, қорқытып та жүрген жоқпын. Бар болғаны қызыммен араласып, тәрбие бергім келеді.

Әлібектің сөзінше, әйелінің жазбасын жариялаған қоғамдық қор біржақты пікірге ғана басымдық беріп отыр. Жалпы, күйеуі ажырасқан күннің өзінде әйеліне маза бермесе, бұл әрекетін заң жүзінде қалай тыйса болады? Ал әйелдер жала жапса, оларға қандай жаза бар? Қорғаушыларға құлақ түріп көрдік.

Жандос Тұяқов, адвокат:

-Егер де бұрынғы күйеуі өлтірем немесе қандай да бір дене жарақатын салам деген сияқты қорқытулар айтылып жатса, ҚР ҚК 115-бабында «қорқыту» деген бап бар. Сол баппен жазаға тартуға болады. Бірақ та бұл 115 бап, тәжірибеге сәйкес, жұмыс істемейтін бап. Өйткені мұнда қорқыту орын алғанын, қандай да бір әрекет орын алғанын сотта дәлелдеу өте қиын.

Бұрынғы әйелі жарына жалған жала жапса, бұл да жауапсыз қалмайды екен. Қайткен күнде де ажырасқандардың арасындағы даудың нүктесін тек құзырлы органдар қояды. Әзірге бұрынғы күйеуі 30 күнге ажырасып кеткен әйелінің маңына жолау құқынан айырылды. Бұл іспеттес мысалдар біздің қоғамда жетіп артылады. Соған қарағанда ажырасқандардың мәселесін реттейтін заңнаманы жетілдіруге қазірден кіріскен жөн секілді.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде