{metadescription}
Қара тізім: Лицензиясы уақытша тоқтатылған оқу ордалары
Қара тізім: Лицензиясы уақытша тоқтатылған оқу ордалары

Қара тізім: Лицензиясы уақытша тоқтатылған оқу ордалары

Жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде екі бірдей жоғары оқу орыны жабылып тынды. Тағы бірқатарының басына қара бұлт төніп тұр. Атап айтқанда. білім беру стандартына сай келмейтін 6 оқу орнының лицензиясы уақытша тоқтатылған. Алайда Білім министрлігінің қара тізіміне іліккен оқу ордалары әлі де жұмысын жалғастырып жатыр. Тіпті бірінші курсқа студенттер қабылдап, қашықтан оқуды бастап кетіпті.

Дипломды оңды-солды тарататын мұндай оқу орындарын түгел жабу керектігін бүгін президент тағы айтты. Тапсырма бұл жолы тікелей премьер-министрдің өзіне берілді. Министрлік пен оқу ордалары арасындағы тартысты тілшіміз тарқатады.

1-ші қыркүйек қарсаңында Білім және ғылым министрлігі 6 бірдей оқу ордасының лицензиясы уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Қара тізімде Алматы экономика және статистика академиясы, Шымкенттегі халықтар достығы университеті, «Silkway» сияқты белді білім ошақтары бар. «Олар білім беру стандартына сай келмейді», - дейді министрлік. Сондықтан кемшіліктерді жоюға уақыт беріліпті. Егер ескертпені елемесе, түбегейлі лицензиясынан қағылып, оқу-ордалары жабылуы мүмкін.

Гүлзат Көбенова, ҚР БҒМ комитет төрайымы:

- Лицензия тоқтатылған кезде уақытша тоқтатылады. Себебі, ЖОО кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі. Одан кейін қайта тексеріс жүргізіледі. Тексеріс барысында қайтадан кемшіліктер болса, ол университеттің қайтадан жұмыс жасай ма, жасамай ма, тағдыры шешіледі.  

Алайда жабылудың алдында тұрған оқу ордалары министрлік тарапынан ешқандай ескертпе алмадық деп ақталды. Мәселен, Алматы экономика және статистика академиясында екі мыңға тарта студент бар. Биыл 400-ге жуық абитуриент қабылданған. Олар бүгіннен бастап қашықтан оқуды бастады.  Өйткені академия ректоры «лицензиямыз әлі де жарамды» деп, жайбарақат отыр. Тіпті электронды үкімет порталында да лицензиясы тоқтатылды деген дерек жоқ екен. Сондықтан жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тарту үшін сотқа жүгінбекші. 

Валерий Корвяков, Алматы экономика және статистика академиясының ректоры:

- «Лицензиясы тоқтатылды» дегенді естіген ата-аналар мен студенттер жанын қоярға жер таппай кетті. Алайда бүгінгі күнге дейін біздің лицензиямызды ешкім тоқтатқан жоқ. Қазір бұл ақпараттың қайдан шыққанын тексеріп жатырмыз. Заңгерлеріміз жұмыс істеуде. Қажет болса, сотқа жүгінеміз.

Шымкенттегі халықтар достығы университетін министрлік екі мәрте тексеріпті. Нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталған. Сондықтан сот шешімімен аталмыш оқу ордасында 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынған екен. Бірақ лицензиясын тоқтату туралы шешім шықпаған. Сондықтан бұл оқу орны басшылығы да министрлік таратқан мәліметке таңырқап отыр.

Халықаралық «Silkway» университеті әзірге жұмысын әдеттегідей жалғастыруда. Өйткені министрлік «тырнақ астынан кір іздеп отыр» деген басшылар 15 кемшілік тапқан тексерушілердің нәтижесіне «көңіліміз толмайды» деп сотқа шағымданыпты.

Ирина Есимова, «SILKWAY» Халықаралық книверситеті президентінің кеңесшісі:

- Ақпан айында тексеріс болып, 15 кемшілік тапты. Ол: кадр мәселесі, жұмысқа қабылдау және инклюзивті білім беру саласы. Біз карантинге қарамастан ескертпенің барлығын жойдық. Шілде айында екінші тексеру болып, тағы 7 кемшілік тапты. Біз онымен келіспейтінімізді айтып, сотқа шағым түсірдік. Қазір сот шешімін күтіп отырмыз. Сондықтан лицензиямыз тоқтатылған жоқ.

Биыл талапқа сай келмейтін екі бірдей оқу орны жабылып, студенттер өзге білім ордаларына ауыстырылыпты. Білім және ғылым министрлігі жыл соңына дейін 40-қа жуық оқу ордасын тексереміз дейді. Демек алдағы уақытта саны бар, сапасы жоқ жоғары оқу орындарының қатары тағы азаюы мүмкін. Өйткені президент бүгінгі жолдауында тек диплом таратумен айналысатын мұндай оқу ордаларын жабуды тікелей премьер-министрге тапсырды. Мемлекет басшысы мұны былтыр да айтқан. Алайда білім саласын бизнеске айналдырып алған ықпалды азаматтарға ешкімнің тісі батпайтын сыңайлы.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде