{metadescription}
Алматы: Жүргізушілер әкімдіктің алдына бір көлік нәжіс төкпек
Алматы: Жүргізушілер әкімдіктің алдына бір көлік нәжіс төкпек

Алматы: Жүргізушілер әкімдіктің алдына бір көлік нәжіс төкпек

Алматыда кәріз қалдығын таситын жүзге жуық жүргізушінің бір айдан бері жұмысы тоқтап тұр. Себеп: Наурызбай ауданындағы жалғыз бекет жабылған. Ассенизаторлар амалдың жоғынан тапсырыс қабылдауын да доғарыпты.

Соның салдарынан жер үйлердің, балабақша мен мейрамханалардың дәретханасы лық толған. «Жәрдем бере ме» деп, жергілікті әкімдікке барғанмен, олардың жауабы жүргізушілердің көңілінен шықпайды. Карантиннен кейін көтерем қойдың күйімен қызметіне кіріскендер, «енді қомданамыз ба?» дегенде, тағы да тығырыққа тірелді. Септик сорумен нәпәқасын табатындардың бір айдан бері қолы байланып отыр. Наурызбай ауданындағы бекет сот шешімімен жабылған. Екі ортада жүргізушілер қол қусырып қалды.

Шәмшиддин Кенжебеков, көлік жүргізушісі:

- Адамдар, клиенттердің бәрі келмейді деп, ренжіп жатыр. Біз қай жаққа келеміз? Оның бәрін қай жаққа төгеміз? Әкім ақытжан Сағынтаевқа өтініш, барлық халықтың атынан, ассенизатор, төгетін жерді Қалқамандағы, Алтын бесіктегі, бізге ашып берсін.

Сейілбек Сапаш, көлік жүргізушісі:

- Ойдың бәрі бір жерде, біреу кедергі болып отыр да. Бұрынғы істеген жігіттер ақшаның бәрін жеді, кетті. Әкімдіктен шықты ма, экологтардан шығып отыр ма, кім білсін. Бұл жерде ешқандай иіс жоқ, бұл турасынан төгіліп жатыр, ішінде аппарат тұр ғой. 

Төрт жылдай еш кедергісіз қызмет еткен бекеттің бір-ақ күнде басынан бағы тайды. Жүргізушілерге не үшін жабылғаны туралы да жөнді түсініктеме берілмеген. Қаланың тең жартысы ассенизаторы осында келіп, ішіндегісін қотаратын. Бұл төгу бекеті соңғы бір айдан бері жабық. Қожайындары мұндағы негізгі құрылғының бәрін алып кеткен. Амалсыз, көліктердің бәрі жұмыссыз қаңтарылып тұр.

Тарифке тоқталсақ. Ассенизатор әр сорғанына орташа 10 мың теңге алатын. Оның екі мыңы осы бекетке кететін. Енді әкімдік балама ретінде Қапшағай жаққа жөнелуге жөн сілтеген. Бірақ қашықтық пен кептелістің кесірінен ол жаққа бару – қып-қызыл шығынға бату. Кейбір жүргізушілер «қалдықты құдыққа төгеміз» деп, айыппұл арқалап үлгеріпті. Осы және өзге де мәселені жеткізу үшін олар Наурызбай ауданы әкімдігі алдына барды. Сабыры сарқылғандардың дауыс ырғағынан іштегі қыжылды аңғаруға болады

Әкімдіктегілер жағдайдан құлағдар. Бірақ жұбатар жауабы жоқ. Алыстағы бекетке бар дегеннен әрі аса алмады. Екі ортада тарифті көтерсе қиналатын халық пен жұмыссыз қалуы мүмкін жүргізушілерге басын қатырғысы жоқ. Қолдан бар келетіні, олардың арыз-өтінішін қабылдап, құзырлы мекемелерге жолдау.

Өркен Қодаров, Наурызбай ауданы әкімдігі Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Құзырлы мекемелерге хаттарын жолдаймыз. Қарастырамыз. Солардың заңға сәйкес нормативтеріне қарай жауабын алып, арыз берушіге қайта жауабын береміз.

Әкімдік ертең бекет басына жауапты мекемелердің басын қосуға сөз берді. Жүргізушілер «құр жиыннан еш қайыр болмаса, онда қалалық әкімдік алдына нәжіс толы көлікпен барып, сонда төгеміз» деп тарқасты.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде