Алматы облысында 17 жастағы студент жоғалып кетті
Алматы облысында із-түзсіз кеткен студент табылмай жатыр. Он күн бұрын үйінен шығып кеткеннен сол күйі хабар-ошар жоқ. Табанынан таусылып тау-тасты сүзіп жүрген арнайы іздестіру тобы 17 жастағы бозбала үйінен кетуді алдын ала жоспарлады деген болжам жасады.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
09.09.2020
Өйткені ұшты-күйлі жоғалған бозбала әлеуметтік желідегі парақшаларын түгел өшіріп, ұялы телефонын қалдырып кеткен. Іздестіру жұмысына тілшіміз қатысып қайтты.
Равильдің із-түссіз жоғалғанына бүгін оныншы күн. Түс ауа үйден шығып кеткен 17 жастағы бозбала сол күйі қайтып оралмаған. «Томаға-тұйық баланың безіп кетуіне ешқандай себеп жоқ», - дейді туыстары. Ойлары сан-саққа жүгіріп, ұлына алаңдаған жақындары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылыпты.
Хатизам Ибрагимова, Равильдің әжесі:
- Мінезі салмақты, мектепте ең үздік оқушы болған. Равилім не мақсатпен үйден шығып кетті? Кімдермен шығып кетті, біз білмейміз.
Масақ ауылының жұрты жұдырықтай жұмылып бозбаланы туыстарымен бірге іздеп жүр. Оны соңғы рет тұрғындардың бірі Қорғас-Алматы тас жолына бағыт алғанын көрген. Содан бері колледж студентінен хабар жоқ. Еріктілер мен полиция, құтқарушылар мен көрші-қолаң табанынан таусылып, төңіректегі тау-тас, өзен-көлді түгел сүзіп шықты. Бірақ баланы табу оңай болмай тұр. Ал арнайы іздестіру тобының өкілдері Равиль үйінен кетуді алдын ала жоспарлады деген болжам жасады.
Ақмарал Қадырқұлова, «Қоғам» іздестіру тобының мүшесі:
- ІТ мамандарының көмегімен оның барлық әлеуметтік желісін бұздық. Байқағанымыз, Равиль аниме мультфильмдерінің фанаты болған. Компьютерлік ойындарға әуестігі де бар. Ең қызығы, ол үйінен шығарда парақшаларын түгел өшіріп, ұялы телефонын қалдырып кеткен. Барлығын алдын ала жоспарлауы да мүмкін.
Шелек ауылының тәртіп сақшылары да жақын маңайдағы аудан-ауылдарды аралап, хабарландыру қағазын іліп жүр. Жұртқа ұшты-күйлі жоғалған студенттің суретін көрсетіп, іліп алар тың ақпарат іздеп әлек.
Дидар Базарбаев, Шелек полиция бөлімі бастығының орынбасары:
- 31 тамызда із-түзсіз кеткен баланың анасы арызданды. Сол уақыттан біз жедел түрде аудан және Облыстық ішкі сстер басқармаларына бағыттама жіберіп, өзіміз Шелек аумағында іздестіру жүргіздік. Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғандықтан, Алматыдан еріктілерді шақырдық. Жол бойындағы барлық дүкеннен сұралды.
«Іздестіру жалғасады» деген полиция әзірге ешқандай нәтиже жоғын жеткізді. Соған қарамастан Равильдің туыстары оның үйге аман-есен оралатынына сеніп, үміт үзбей отыр. Бауыр еті баласына алаңдаған ата-ана 17 жастағы бозбаланы көрген-білгендер болса, хабар беруін сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!