{metadescription}
Азық-түлік қымбатшылығының көкесі әлі алда
Азық-түлік қымбатшылығының көкесі әлі алда

Азық-түлік қымбатшылығының көкесі әлі алда

Елімізде картоп пен сәбіз, қарақұмық және қанттың бағасы қымбаттаған. Көкөніс құнының көтерілуіне министрлердің айтуынша, биылғы егістік алқабының қысқаруы себеп. Карантин шектеулері мен биылғы құрғақшылық та шаруаларға ауыр тиген.

Оның үстіне шаруалар бұл қымбатшылықтың басы ғана дейді. Себебі, жағдай оңалмаса, алдағы көктемде шаруалар көтерме бағаны біраз өсіруге мәжбүр болмақ. Базардағы бағаларды тілшіміз көріп келді.

Биыл жыл басынан бері маңызды азық-түлік түрлерінің бірқатарының бағасы 4,4 пайызға өсіпті. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, пандемия кезіндегі тасымалдың қиындығы, оның үстіне биылғы құрғақшылық жағдайды қиындатып жіберген. Соның кесірінен кей шаруаларда егіс алқабы екі есеге дейін қысқарды. Шаруалар бұл қиындықты әзір мойнымен көтеруге әзір. Бірақ қымбатшылық көкесі алда екенін қазірден-ақ айтып отыр.

Андрей Стрелец, шаруа қожалығының иесі:

Кез келген жағдайда біз бағаны көтермейміз деп сауда орындарымен келістік. Өйткені елдің жағдайын түсініп отырмыз. Бірақ, алдағы көктемде қымбатшылықтан бәрібір құтылмаймыз. Ол кезде баға биыл көктемдегіден әлдеқайда жоғары болады.

Министрлердің айтуынша, биылғы негізгі азық түрлерінің қымбаттауы карантин шектеулерінің алғашқы кездеріне сай келіпті. Осылайша пандемияның біраз зардабы тиген. Қазір қайта бағаның тұрақтаған кезі екен.

Қазір қала базарларында қарақұмық келісі 400-ден, қант 250 теңгеден сатылып жатыр. Төрт жарым пайызды есепке шақсақ, жыл басынан бері ай сайын қарақұмық 2 теңгеге, қант 1 теңгеге қымбаттап отырған. Былай қарағанда қалтаға сезілмейтін болмашы ғана айырмашылық. Бірақ орасан жылдық инфляцияны қалыптастыратын да осы.

Қымбаттаған көкөніс қана емес. Картоп пен қарақұмықтан бөлек, қант, ұн, ет, май, сүт өнімдері де бұрынғысына біраз құн қосып алған. Жағдайға алаңдаған шенеуніктер осы бастан өңірлердегі азық-түлік қорын толтырып жатыр. Әсіресе картоп өндірісін жылына 4 миллионнан 7 миллион тоннаға дейін арттырмақ.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Тұрақтандыру қорларының қызметіне келетін болсақ, осы жылдың басынан бастап олардың қорларынан 8,3 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары өткізілді. Бұл ретте тұрақтандыру қорларына 38,2 мың тонна азық-түлік, оның ішінде 21,2 мың тонна ұн, 6,5 мың тонна қант, 3,1 мың тонна картоп, 2 мың тонна макарон, 1,7 мың тонна күріш, 700 тонна қарақұмық және басқа да азық-түлік түрлері сатып алынды.

Құны шарықтамай тұрған тек тұз, жұмыртқа, тауық еті мен күріш екен. Сондай-ақ биыл ең арзаны қырыққабат болып тұр. Оның себебі де белгілі. Көктемде Түркістан облысы шаруаларының тонналаған қырыққабаты шекара аспай қалып, арзан бағамен ел ішіне тараған.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде