{metadescription}
Наразылық: Өскеменде шенеуніктер бөбекжайды сауықтыру санатынан айырмақшы
Наразылық: Өскеменде шенеуніктер бөбекжайды сауықтыру санатынан айырмақшы

Наразылық: Өскеменде шенеуніктер бөбекжайды сауықтыру санатынан айырмақшы

Өскемендегі сауықтыру балабақшасын қарапайым бөбекжайға айналдырғалы жатыр. Сөйтіп шенеуніктер мекемені қосымша міндетінен айырып қана қоймай, ондағы қызметкерлерді де қысқартуды ұйғарыпты. Алайда ата-аналар наразылық танытып, атқамінерлер шешімін өзгертсін деп отыр. Себебі, өңірде білім берумен қатар сауықтырумен айналысатын бұдан өзге мекеме жоқ.  

Ғимараттың іргетасы 1995 жылы қаланған. Оқу-сауықтыру орталығы болып қалыптасады. Бұл жерге аллергия, қант диабеті, жүрек талмасы ауруы бар бүлдіршіндер қабылданатын. Ал 2017 жылы жай балабақша болып өзгерген. Дегенмен штаттық бірлік толық сақталып, сауықтыру міндетін қосымша атқаратын болған. Биыл шенеуніктер бөбекжайды сауықтыру санатынан мүлдем айыруды ұйғарыпты.

Елена Клостер, №12 «Светлячок» балабақшасының директоры:

- Аудиторлық тексеріс жүріп, шатты қысқарту керек деген мәселе көтерілді. Бізге жергілікті шенеуніктер үш жыл бұрын балабақша сауықтыру қызметін атқара береді деп айтқан еді. Енді біз қайта штаттық кестеге сәйкес келмей қалдық. Бұл жағдайда қызметкерлер қысқартуға ұшырайды. Одан бөлек, түрлі ауруы бар бүлдіршіндерге қиын болғалы тұр.

Бөбекжайға жалпы саны 84 бүлдіршін қабылданған. Оның 64-інің түрлі ауруы бар. Олар білім алудан бөлек, күнделікті медициналық ем-домға мұқтаж. Гүлбақыт Жақсыханованың баласы да қант диабетіне шалдыққан. Оған ерекше күтім керек. Сол себепті де ол перзентін осы балабақшаға табыстаған. Себебі, қатардағы өзге бөбекжайлардың оның сырқат баласын қабылдауы екіталай. 

Гүлбақыт Жақсыханова, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Бұл балабақшаға бару себебіміз денсаулығымызға байланысты, басқа балабақшалар бізді қабылдамайды. Бұл бақшаға менің балам барады. Менің сұрайтыным, қалдырса екен деп қатты өтінемін. Өткені балабақша жабылса, менің жұмыстан шығуыма тура келеді. Басқасы бізді қабылдамайды.

Білім басқармасы дегенінен танбай отыр. Олардың айтуынша, дербес мекеме жасақталуы тиіс – не сауықтыру орталығы, не болмаса бөбекжай. «Ал екеуін қосақтау заңға томпақ» деген желеу айтады. Дегенмен соңғы нүктені министрлік қоятын көрінеді.

Сәуле Алакөзова, Өскемен қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Бұл бағытта егжей-тегжейлі жұмыс жасаймыз. Бұл біздің ғана тарапымыздан шешіле салатын мәселе емес. Бұл білім беру уәкілетті органы мен  денсаулық сақтау министрлігімен келісіліп қарастырылатын дүние.

Балаларының денсаулығына алаңдаған ата-аналар «атқамінерлер райынан қайтсын» деп талап қойды. Олардың айтуынша, бұл ерекше мекеме сырқат перзенттеріне ауадай қажет.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.