{metadescription}
Бейәдеп қылық танытқан әртістер заңмен жазаланатын болды
Бейәдеп қылық танытқан әртістер заңмен жазаланатын болды

Бейәдеп қылық танытқан әртістер заңмен жазаланатын болды

Олпы-солпы күйінде сахнаға шығып, көрерменге бейәдеп қылық танытқан өнерпаздар енді заңмен жазаланады. Ал ұйымдастырылатын концертте фонограмма қолданылатын болса, тыңдарманына алдын ала ескертілуі шарт.

Бүгін Мәжілісте осындай өзгерту енгізілген мәдениет саласына қатысты заң жобасы мақұлданды. Фонограммаға үйреніп қалған әншілер енді қайтпек?

Әлем-жәлем боянып, таспаға басып қойған жазбамен ән айтатын әншілерді сынап бір жөнге салатын заңның қажеттігі туралы айтылғаны қай заман? Бүгін осы мақсатқа көптен күткен алғашқы қадам жасалды. Мәжілісмендер мақұлдап берген заңға сәйкес, енді кез келген концерт ұйымдастырылмай тұрып, фонограмманың қолданылатыны немесе жанды дауыста орындалатыны алдын ала хабарлануы шарт.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Бұл ұйымдастырушы мен орындаушының арасындағы келісімшарт бойынша. Егер бұл келісім-шартта осы нормалар бұзылатын болса, онда әкімшілік жауапкершілік көзделетін болады

- Шығып кетсін бе? Мен не істейін? Мен не, сіздерге от басы, ошақтың қасы,үйдегі проблемамды айтып жатырмын ба?!

Төреғали сияқты көрерменге зеку де енді заңмен қудаланады. Өйткені әртістердің сахналық мәдениеті де заңмен бекітілген. Көрерменді сыйлауға, әдеп талаптарын сақтауға, ашық-шашық киінбеуге бәрі міндеттеледі. Бұл шарт шетелдік эстрада жұлдыздарына да қатысты. Осылайша шенеуніктер өнер саласын електен өткізіп, өтірік өнерпаз бен шынайы дарынның ара-жігін заң жүзінде ажыратып алмақ. 

Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:

- Меніңше, нағыз өнер – айтыс. Айтысқа фонограммамен шығып көріңізші. Онда ешқашанда, ешқандай фонограмма бола алмайды. Сол үшін шығар, біздің халқымыз айтысты ерекше жақсы көреді. «Қисық арба жол бұзады» демекші, өнер әрқашан да таза болуы керек.

Алайда сахна жұлдыздары: «Эстрада мен дәстүрлі өнерді салыстыру – қисынсыз» деп отыр. Себебі, классикалық өнер мен эстраданың мектебі басқа.

Айгүл Иманбаева, әнші:

- Фонограмма қолданған кезіңіз болды ма?

- Қолдандық қой. Жасыратын несі бар? Жанды дауыс деп сұраған жерде жанды дауыспен шығып жүрміз. «Ойбай, Айгүл, аппарат қирап тұр» деген жерде фонограммамен шығып кетесіз. Солай келдік. Өйткені шынымен де, заң қабылданған жоқ болатын. Ал заң болғаннан кейін, қандай болғанда да жанды дауыста шығуға тура келеді. Бірақ оған техника сай болып жатса, нұр үстіне нұр.  

Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстан сияқты елдерде фонограммаға түбегейлі тыйым салынған. Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, әзірге ондай талапты енгізу біздің ел үшін әлі ерте. Концерттердің жанды немесе жазылған дауыста болатыны жайлы ақпараттандыру өнердегі тазалыққа ұмтылған алғашқы адым ғана.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сәйкес, енді әр өңірде көркемдік кеңес құрылады. Себебі, бүгінде барлық облыстың мәдени ахуалын жалғыз республикалық көркемдік кеңес қадағалап отыр. Заң қабылданса міндеті біршама жеңілдемек. Ол жағы және жалпы мәдениетке қатысты жаңа заңның бекітіліп, күшіне енуі сенаторлардың ширақтығына тікелей байланысты.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде