Ирина Смирнова: Триллион теңгені жұмыссыз қалғандарға берейік
Депутаттар жұмыссыз қазақстандықтарға триллион теңгені таратып беруді ұсынды. Өйткені елімізде бір жұмыс орнын ашуға 4 миллион теңге жұмсалады екен. Коронавирустың екінші толқыны да есіктен сығалап тұр. Егер жағдай ушықса, жарты миллионнан аса жұмыссыздың қатарына тағы 200 мыңдай адам қосылады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
24.09.2020
Екі миллионнан астам қазақстандыққа қолдау қажет болады. Дегенмен еңбек министрлігі қиналған халықты 42500 теңге төлемді көбейту арқылы жарылқаймыз деп отыр. Триллиондарды бөліп беру туралы ұсыныс пен жұмыссыздың жайы қаралған Мәжілістегі жиын жайлы.
Күздегі коронавирустың екінші толқынын тек Денсаулық сақтау министрлігі ғана емес, Еңбек министрлігі де үреймен күтіп жүр. Олар қауіпті кеселді жұқтыратындар қатары артып, елде қатаң карантин шаралары енгізілсе, 2 миллион 200 мың адам қиындыққа тап болғалы тұр деп дабыл қақты. Айта кетейік, бұл адамдар жұмыспен қамтылғандар.Оларды жұмыс берушілері жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберуі мүмкін. Ал коронавирустың кесірінен нәпақасынан айырылуы мүмкін 162 мың қазақстандық пен ресми тіркелген 1 миллиондай жұмыссыз не істеуі керек? Сұрақ сан алуан. Жауап: мембағдарламаларға қатысып, несие алу. Алайда депутаттар жұмыссыз қалғандарға сол бағдарламаларға бөлінген триллиондарды таратып берейік дейді.
Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты:
- «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына 1 триллион теңге бөлінген. Жемқорлықтың елімізде барын біле отырып, одан да бұл қыруар қаржыны тікелей, бағдарламаға қатыстырмай-ақ, жұмыссыз қалған қазақстандықтарға таратып берсек қайтеді? Мұны Президенттің өзі халыққа жолдауында ұсынды ғой.
Үкіметтен қолдау болса, Жандос Сарбасов қазіргі күнін ұмытары сөзсіз. Жұмыссыз жүрген елорда тұрғынына карантин кезінде 42500 де, қара жұмыс та бұйырмапты.
Жасұлан Сарбасов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Жұмыс іздеймін, жан-жақтан сұрастырамын. Жұмыс бар, жетеді. Тек адамның өзіне күнделікті беріп тұратын болса, сол жақсы нәрсе деп ойлаймын. Аспаз болып 6 ай жұмыс істедім, бірақ көтере алмадым. Күніге 7 мың беріп тұрған. Өзім хостелде күніне мың 1000 теңгеден төлеп тұрамын.
Жасұлан секілді жұмыспен қамту орталықтарын жағалап жүргендер баршылық. Десек те сол орталықтардың өзі қитұрқы әрекетке барған. Берілген тапсырманың есебін жабуға олар жалған жұмысқа адам тартқан. Елді жайлаған жұмыссыздықтың бір себебі сол ма дерсің. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, елдегі кәсіпорын, компаниялар 90 мың жұмысшыны қысқартпақ.
Айдана Тоғызбаева, «Атамекен» ҰКП департамент директоры:
- Біз қазір 70 мыңнан жұмыс берушілерді сауалнамадан өткіздік, олардың 16 пайызы жұмысшыларын қысқартамыз десе, 17 пайызы жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберетінін айтып отыр.
Коронавирус індетіне дейін елдегі жұмыссыздық 5 пайыз деңгейінде болса, қазір ол екі есеге – 10,8 пайызға өскен. Еңбек министрінің айтуынша, төтенше жағдай немесе қатаң шектеу шаралары енгізілгенімен, бұқараны біржолғы төлеммен тағы да жарылқауы мүмкін. Бірақ ол кезде 42500 теңге емес, жәрдем көлемі өзгереді.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Карантин қайта енгізілсе, қазақстандықтар жұмысынан айырылып, табысы азаюы мүмкін. Сондықтан шұғыл және жүйелі шаралар қабылдауға дайын болуымыз қажет. Карантин кезеңінде жұмыссыздарға жұмыстан айырылу бойынша төленетін төлем мен оның кезеңін арттыру туралы ұсыныс енгізуді жоспарлап отырмыз. Енгізуіміз мүмкін.
Екі сағаттан астам Біржан Нұрымбетовтың есебін тыңдап, шенеунікті сұрақтың астына алған депутаттардың әлгі триллиондарды тарату ұсынысын еңбек министрлігі қолдаған жоқ. Өйткені бөлінген ақша бөлініп кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!