Еліміздің әуе қорғаныс күштерінің әлеуеті қандай?
Алматы облысында әскери әуе күштерінің бөлімшелері тактикалық оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жауынгерлік дайындығын ұшқыш пен сарбаздар емес, әскери авиацияның инженері мен техниктері пысықтады. Техника тілін жетік меңгерген әскерилер біліктілігін арттырып, шабуылға тойтарыс беруге машықтанды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
25.09.2020
Алматы облысындағы авиациялық-техникалық базада төрт күннен бері қарбалас. Әр өңірден келген әуе қорғаныс күштерінің қызметкерлері таңның атысы, кештің батысы талмай тер төгуде. Бірақ оқу жаттығуда ұшқыштар мен сарбаздар емес, инженер мен техниктер кәсіби шеберлігін шыңдады.
Нұрбек Төлеуов, 55078 әскери бөлімінің бас инженері:
- Зымыран-арттилериялық қару-жарақ қоймасы дала түрінде қоршалып, әуе қорғаныс күштерінің тікұшақатары және ұшақтарын авиациялық зақымдау құралдарымен қамтамасыз ету үстінде.Бұл жерде авиациялық бомбалардың түр-түрі, авиациялық патрондар мен пиротехникаларға арнайы қоймалар жасалып, соларды сақтау жұмысы жүргізіледі.
Жарылғыш заттар сақталған орынға кенеттен қауіп төніп, мұздай қаруланған қаскөйлер шабуыл жасады. Бірақ техника тілін меңгерген әскери мамандар ілезде тойтарыс беріп, ұрыс-тәсілге де төселгенін анық дәлелдеді.
Еліміздегі әуе техниканың барлығы осы базада жөнделеді. Әскери техниктер жыл сайын осылай біліктілігін арттырып, теория мен практиканы ұштастырады. Бұл жерде ұшқышсыз ұшу аппаратын қалпына келтіретін әскери мамандар да бар. Ал қажетті құрал-сайманмен жабдықталған көліктер ақауы бар жауынгерлік тікұшақтарға жылдам жетеді.
Мұратжан Жұмағазиев, Әуе қорғаныс күштері бас қолбасшысының материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары:
- Басты мақсатымыз – әскери бөлімдердегі басшы құрамының кәсіптік дайындық деңгейін жетілдіру, жеке құрамның практикалық тәжірибесін арттыру. ӘҚК бөлімдерінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету жағдайын және қойылған тапсырманы орындау қабілетін анықтаймыз.
Ұшып-қону жолағындағы бетон плиткаларды да жарты сағатта ауыстырып үлгерді. Әскери көліктерді де жөндейтін қызметкерлер қарым-қабілетін паш етіп, кез келген жерде жұмыс істей алатындарын көрсетті.
Әуе қорғаныс күштерінің арнайы тактикалық оқу-жаттығуы ертең аяқталады. Жаттығу барысында еліміздік түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген жігіттер жауынгерлік дайындығын пысықтады. Әскери қызметшілер бұзылған әуе техникаларын жедел түрде жөндеуге машықтанды. Өйткені әуе шебін мығым қорғап, кез келген шабуылға төтеп беру үшін авиациялық көліктер сақадай-сай тұруы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!