{metadescription}
Мәжілісмендер: Халық кедейленіп барады
Мәжілісмендер: Халық кедейленіп барады

Мәжілісмендер: Халық кедейленіп барады

«Халық кедейленіп барады». Мәжілісмендер осылай деп бүгінгі отырыста дабыл қақты. Өйткені Қазақстанда кедейлік деңгейі түспей тұр. Бұған пандемия кезінде халықтың жағдайы нашарлап, жұмыссыздықтың көбеюі, несиенің кесірінен қарызға батқандар қатарының артуы себеп болған.

Төменгі палата депутаттары биліктен дағдарыста қиындыққа тап болған қазақстандықтардың несиесін кешіруді, тым болмаса, несие пайызын төмендетуді сұрап отыр. Айтуларынша, өткен жылы елде кредиттік рақымшылық жасалғанымен, оның себептері шешілмепті.

«Несие кешірілсін» деген әңгіме соңғы кезде ел арасында желдей есіп жүр. Депутаттар да бүгін осы мәселені тағы сөз етті. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Қазақстандағы кедейшілік деңгейі бір жарым есеге артқан. Бүгінде олардың саны 2,3 млн-нан асып түседі. Мәжілісмендер пандемия кезінде әлеуметтің әлеуеті нашарлап, жұмыссыздық жайлап жатқанына алаңдаулы.

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:

- Еліміздің әрбір сегізінші азаматы кедейшіліктің зардабын тартып келеді. Бұл мұнай өндіруші мемлекет үшін масқара! Оған жол беруге болмайды. Сондықтан халықтың кредиттік рақымшылықты өткізуге қатысты талабын түсіну керек.

Перуашевтің айтуынша, қара халық екінші деңгейлі банктердің кесірінен тығырыққа тіреліп жатыр. Өйткені несиелік үстеме пайыздары тым жоғары. Қаламқас есімді келіншек дәл осындай тұтынушылық кредиттің құрбаны. Қазір несиеден қашып жүр. Күйеуінің еміне алынған 2 миллиондай теңгені төлей алмай келеді. Былтыр рақымшылыққа да ілінбепті. Үшінші топтағы мүгедектер сол мүмкіндіктен құр қалғанына өкпелі.

Қаламқас Балташева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Үшінші топқа көп жағдай жасалмаған. 30 жылдан асты, сол бір заң болды. Не үй де берілмейді. Жеңілдікпен берілген зейнетақы 34 мың ғана. Ол денсаулығына байланысты алды. Бізге жедел түрде ақша керек болды. Жалақысы дер кезінде бермеді. Несие алдық, содан кейін дағдарыс басталды, коронавирус келді. Төлеу қиын болып кетті.

Қаламқастың 2018 жылы алған несиесі коллекторлардың қолына өтіп кеткен. Бұл дегеніңіз, елордалық тұрғынға өмір-бақи банктер кредит бермейді. Несие тарихы бүлінген. Депутаттар дәл осы несие тарихы проблемасын «шенеуніктер шешу керек» деп отыр.

Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты:

- Жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бағдарламасын әзірлеу және қабылдау қажет. Банктер қарыз алушылардың кедейлігі мен қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, оларды қарызға батырады. Қарыздан шығу мүмкін болмай қалады. Ал халықтың тұтынушылық несиелерінің 98 пайыздан астамы үш миллион теңгені құрайды. Сондықтан оңалту 90 күннен артық кешіктіріліп, үш миллион теңгеге дейінгі тұтынушылық несиелерге қатысты болуы керек.

Айдың-күннің аманында қарызды қайтару қиын болды, ал дағдарыста ол одан бетер оңай болмайтыны анық. Жамаловтың ұсынысын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құптаса, жағдай тіптен ушығуы мүмкін екені сөзсіз. Несие тарихы тазарғандардың қайта банк жағаламасына ешкім кепіл бола алмайды. Экономист-сарапшылар: «Одан да билік халықтың тұрмысын жақсартсын», - дейді.

Меруерт Махмұтова, экономика сарапшысы:

- Несие тарихын мүлдем құртудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Тікелей бұл мәселені шешу үшін экономикада даму болып, жаңа жұмыс орындары ашылып, азаматтардың жұмыс табатындай, табыс табатындай мүмкіндігі болса, банктен несие алмайды деп ойлаймын.

Былтыр ғана жағдайы төмен азаматтардың жалпы сомасы 106 млрд. теңгені құрайтын банк алдындағы қарызы кешірілді, несие тарихы жақсарды. Дегенмен 7 жарым миллиондай тұрғынның банк алдында әлі 7 триллиондай теңге қарызы бар.

Экономика саласындағы мамандар халыққа «екінші рет несиесін кешірудің қажеті жоқ» дейді. Себебі, Қазақстанның қаржылық ахуалы мәз емес. Инфляция 7 пайызға артқан. Ал депуттаттар несиені кешіру үшін алдымен  барлық ипотекалық, тұтынушылық кредиттер мен шағын және орта бизнеске арналған кредиттердің пайыздық үстемесін 7-8%-ға дейін төмендетуді сұрайды.

Сондай-ақ, «Жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы туралы» заң жобасын енгізу қажет деген пікірде. Депутаттық сауалға атқарушы биліктің қандай жауап берері белгісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде