{metadescription}
Алматыда студенттер Work and travel-ге берген ақшасын қайтара алмай жүр
Алматыда студенттер Work and travel-ге берген ақшасын қайтара алмай жүр

Алматыда студенттер Work and travel-ге берген ақшасын қайтара алмай жүр

Алданған америкалық арман мен желге ұшқан ақша. Алматыда бір топ студент Work and travel бағдарламасына берген қаржысын қайтара алмай жүр. Пандемияға байланысты саяхат кейінге қалған. Енді ақшасын қайтарайын десе, жүгінген агенттіктері қомақты соманы бермей әуре-сарсаңға салыпты.

Амалы таусылған жастар полицияға да шағым жазған. Алданғандардың арызын КТК тілшісі тыңдады.  

Шыңғысхан Насырдың іс бұлайша насырға шабар деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. 3-курс студенті 600 мың теңгесін ойланбай «Коламбас иксчейндж» агенттігіне санап берген. Енді не Америка, не ақшасы жоқ.

Шыңғысхан Насыр, студент:

- Карантин кезінде біз көп сұрақ қойдық: «Америкаға бара аламыз ба, бара алмаймыз ба?» деп. «Бара аласыңдар, сеніңдер, мен өзім жауап беремін,  барасыңдар, бір ай болсын кеш барасыңдар» деді. Мысалы, мен мамырдың 23-і Америкаға ұшуым керек болатын.

«Кешікпей кетем» деген сеніміне селкеу түскен студенттер жиналғандардың айтуынша, 100-ге жуық. Агенттік жауапкершіліктен құтылу үшін 600 мың теңгенің жүз мыңын ғана қайтармақ болған. Бірақ онымен студенттердің келіскісі жоқ.

Дамира Исат, студент:

- Агенттіктің менеджері Нұржан Бөкетов деген кісі болды. Өзі аздап дөрекі сөйлеп, бізге мәселені нақтылап түсіндірмеді.

«Дөрекі сөйледі» деген Бөкетов бұл жолы да жылы қабақ танытпады. Тіптен студенттерді танымаймын деп, ат-тонын ала қашып, құтылғанша асық болды. Тек түсін жастардың бірі түстегенде ғана танитынын мойындады.

Біз оны танимыз, бізді АҚШ-қа жіберуі тиіс куратор – Букетов Нұржан.

- Қызды танисыз ба?

- Танимын.

Келемеж күлкісі езуіне тығылған қызметкер камерасыз сөйлесіп, студенттерге жағдайды түсіндіремін деп, тіптен есікті іштен кілттеді. Бірақ сайып келгенде оларға еш нәрсе түсіндірмеген. Сабыры сарқылған олар адвокат жалдап, полиция департаментіне арыз жазды.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:

- Аталмыш дерек сот алды реестрде ҚК 190-бабының 1-тармағы бойынша тіркеліп, қазір арнайы тергеу тобы құрылды. Өндіріс аясында міндетті түрде оқиғаның толық мән-жайы және басқа да факторлар анықталады.

Полиция департаменті: «Кінәлілер міндетті түрде жазасын арқалайды», - дейді. Ал арыз түскен агенттік инстаграмда басқа студенттерді еш қымсынбастан бағдарламаға қатысуға шақыруын жалғастырып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Қазір эфирде