{metadescription}
Санитарлар індеттегі еңбегіне үстемақы ала алмай жүр – Алматы
Санитарлар індеттегі еңбегіне үстемақы ала алмай жүр – Алматы

Санитарлар індеттегі еңбегіне үстемақы ала алмай жүр – Алматы

Елімізде тапшы маман – санитарлар індет кезіндегі еңбегіне үстемақы ала алмай жүр. Алматыдағы жедел жәрдем диспетчерлері мен санитарлары бүгін жиналып, осындай базыналарын айтты. Өйткені Денсаулық сақтау министрлігі оларды науқаспен тікелей байланысқа түспейді деп шеттетіп тастаған.

Алайда диспетчерлер мен санитарлар да қауіпті ортада еңбек еткен. Қызмет бабында коронавирус жұқтырып алғандары да бар. Сондықтан қосымша төлемге лайықтымыз дейді. Коронавирус ушыққан кезде дәрігерлермен бірге диспетчерлер мен санитарлар да жан аямай қызмет етті. Енді сол еңбектің еленбегеніне өкпелі. Өйткені індет кезінде медицина қызметкерлеріне төленген үстемақыдан бұлар құр қалған.

Тоғжан Жарасқызы, жедел жәрдем санитары:

- Тәулігіне 200-250 машинаға дейін жудық, тазалап өңдедік. Қалада 12 қосалқы станция бар, соның бүкіл бригадаларының костюмдерін тазаладық. Ковидке қатысты шақырудан келіп тұр ғой, инфекциялық киім, өңдемеске болмайды.

Орталықтың ақпараттық жедел диспетчерлік бөлімі. Алматы қаласы бойынша 103 нөміріне шалынған қоңыраудың барлығы осында келіп түседі. Қазір мұндағы мамандар күніне екі мың қоңырауға дейін қабылдайды. Ал жазда – коронавирустың өршіген кезінде 103 нөміріне хабарласатын адам саны күніне 8 мыңға дейін жеткен.

Бірақ, қызметкерлер өз жалақысынан артық бір тиын алмапты. Үстемақыдан жедел жәрдем станциясының 415 қызметкері шет қалған. Өйткені Денсаулық сақтау министрлігі оларды коронавирусқа шалдыққан науқаспен тікелей байланысқа түспейді деп бұйрыққа енгізбепті.

Бақыт Еламанова, жедел жәрдем санитары:

Бізде қыздардың бәрі ауырды. Мен маусым айында коронавируспен қатты ауырдым.  Сол күндерді есіме алсам жылағым келеді. Қатты қиналдым. Соның өзінде маған үстемақы бермей жатыр. Маған екі миллион беруі керек болған.

Жалпы жедел жәрдем станциясының 197 қызметкері коронавируспен ауырған. Жиналғандар, ең болмаса, адал еңбегімізге үстемақы алсақ дейді. Станция басшылығы да қызметкерлеріне қосымша төлем талап етіп, талай есікті қағыпты. Нәтижесі де жоқ емес.

Шайхидин Бәдіров, №6 қосалқы станция меңгерушісі:

Алдағы уақытта бұл кісілерге төленеді. Қазан, қараша, желтоқсан айларынан бастап осы жылдың соңына дейінгі жұмыс істеген айларына жергілікті бюджеттен қарастырылған. Үстемақы бұл кісілерге төленеді, үшінші санатпен.

Алдағы үш айда жалақыдан бөлек, қосымша 212 мың теңгеден төленбек. Алайда наразы топ бұған қуана қойған жоқ. Өйткені үстемақыны өткен жеті айға сұрап отыр. Ал Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеге келгенде үнсіз қалды. Еңбегі елеусіз қалған санитарлар енді президентке арызданбақ.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде