{metadescription}
Құс тұмауы қайта өршіді: Алматы облысындағы ең ірі құс фабрикасында қанаттылар қырылып жатыр
Құс тұмауы қайта өршіді: Алматы облысындағы ең ірі құс фабрикасында қанаттылар қырылып жатыр

Құс тұмауы қайта өршіді: Алматы облысындағы ең ірі құс фабрикасында қанаттылар қырылып жатыр

Ал құс тұмауы тағы бір өңірге таралды. Алматы облысындағы ең ірі құс фабрикаларының бірінде қанаттылар қырылып жатыр. Кәсіпорында вирус өткен аптада анықталып, сол уақыттан бері 122 мың құс арам қатқан. Қазір індет ошағына айналған фабрика карантинге жабылды. Мамандар кесел кеулеп кетпес үшін кәсіпорында қалған 532 мың бас тауықты түгел жоюды жоспарлап отыр.

Еліміздің жеті өңірінде өршіген құс тұмауы Алматы облысына да жетті. Менің ту сыртымда тұрған құс фабрикасында вирустың таралғаны өткен аптада белгілі болған. Әу баста індеттен 12 мың бас арам қатыпты. Содан кейін кәсіпорын карантинге жабылып, қазір мұнда залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Кенеттен келген кеселден фабрикадағы құстар кезек-кезек баудай түсіп, жеті күнде бақандай 122 мыңы қырылып қалған. Осылайша, тауық жұмыртқасын өндірумен айналысатын Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын әп-сәтте қып-қызыл шығынға батты. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы бұл жағдайға екпе жасауға салғырт қараған компанияның тікелей өзі кінәлі деп отыр.

Нұртас Қиялбеков, Алматы облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Бұл фабрика құс тұмауына қарсы вакцинаға Ресейге тапсырыс берген болатын. Ақшасын да төлепті. Бірақ неге екені белгісіз, вакцина сол күйі жеткізілмеді. Вирустың дәл осы кәсіпорында таралып кеткені де содан. Ал облыста құс өсірумен айналысатын ірілі-ұсақты шаруашылықтар түгел осы тұмауға қарсы екпе салдырды. 

Індет ошағына айналған кәсіпорынның жанында екі құс фабрикасы мен бірнеше елді мекен бар. Үйінде құс өсіретін ауыл ағайыны да жетіп артылады. Алайда облыста 2 млн-нан астам құсқа вакцина егілгенін алға тартқан мамандар алаңдауға негіз жоқ дейді. Олар ауру асқынған фабрикада вирустың жан-жаққа жайылуына жол берілмейді деп отыр. Сондықтан мұндағы құс біткен алдағы уақытта түгел жойылмақ. 

Марат Жақсыбаев, АШМ Ветеринариялық қадағалау және бақылау комитеті Қарасай аудандық инспекциясының басшысы:

- 645 мың бас бар деген қазанның 19-да берілген есеп. Бұл фабрикадағы құс түгел жойылады. Жойылған құстар саналып жатыр. Жер бөлінді. Сол жерлерді қазып, өртеп көміп жатырмыз.

Тығырыққа тірелген кәсіпорын басшысының сұхбат беруге мұршасы болмады. Айта кетейік, қыркүйек айында тіркелген жоғары патогенді құс тұмауынан осыған дейін жеті облыста 870 мыңнан астам құс өлген. Соңғы тіркелген өңір жағдайды одан әрі ушықтыруы бек мүмкін. Сондықтан жауапты комитет қауіпті кеселге қарсы вакцина егу жұмыстарын өзге аймақтарда жалғастыра бермек.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде