Нұр-Сұлтан құрылыс басқармасы уәдесін орындамады – «Нұрлы жер»
Уәдесінде тұрмады. Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс басқармасы жазда тапсырылған көпқабатты үйдің құжатын әлі әзірлемеген. Шенеуніктер соңғы берген уәдесінде «Нұрлы жер» бағдарламасымен алғашқы жарнасын салып қойған 140 отбасыға құжатты екі аптада жасап беретін болған. Бірақ айдан аса уақыт өтсе де, түк тындырылмапты. Көңілі қалған азаматтар қала әкімі Алтай Көлгіновті іздеп барды.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
24.11.2020
Бақыт Әбілханова:
- Төлем қабілетін растау көп уақыт алады. Біз сонда үйімізді келесі жылдың жазына дейін алмайтын болып тұрмыз. Кейбір адамдар қазір пандемия уақытында жалақысынан айырылып отыр. Жұмыс орындары қысқарып, ИП-лары жабылып жатыр. Қиын болды. Неге қиындық емес?
Азаматтардың барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жылдап жиған қорын бастапқы жарна ретінде банкке салған. Үй салынды. Мердігер де нысанды тапсырған. Бірақ құжат әлі дайын емес. Әкімдік екі аптада ресми қағаз атаулыны рәсімдеп боламыз деп, бір ай бұрын ант-су ішкен. Уәделі баспанасына сол күйі қоныстана алмай жүрген топ бүгін әкімнің өзін іздеп келді. Бірақ бұл жолы да алдынан құрылыс басқармасындағылар шықты. Кезекті уәдесін үйіп-төккен шенеунікке енді салымшылар сенбейді.
Арсен Жаңғасқанов, Нұр-Сұлтан қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Құжаттар заңдастырылып жатыр. Бүгін әділет басқармасының тіркеуіне өткіземіз. Жұма күні қабылдаймыз ба деп жоспарлап отырмыз. Үй салушылар жұмысын уақтылы аяқтамай, содан созылып кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!