{metadescription}
Лицензиясы бар QI Trade қаржы пирамидасы болып шықты  
Лицензиясы бар QI Trade қаржы пирамидасы болып шықты  

Лицензиясы бар QI Trade қаржы пирамидасы болып шықты  

Мемлекеттік лицензиясы бар компания қаржы пирамидасы болып шықты. «Инвестициялық ұйым» атын жамылып арам пиғылын жүзеге асырған QI Trade компаниясына 4 мың отандасымыз алданып қалған. Айла-тәсіл бұрынғыдай. Жұрт жиған-терген миллиондарын оңай жолмен еселеу үшін осы компанияға құйыпты.

Бірақ жуырда ұйымның кеңсесі жабылып, басшысы жұрттың ақшасымен қоса із суытқан. Оңбай алданғандар бүгін жанайқайын құзырлы органдарға жеткізді.

Аз уақытта миллиондарын еселемек болған жұрт қазір күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылған. Өйткені қарашада оңбай алданғанын түсініпті. Бәрі де жарнамасы жер жарған QI Trade-ке қолда бар қаражатын сеніп тапсырған. Өйткені қызметкерлер оларға компанияның дилерлік қызметпен айналысуға рұқсат беретін мемлекеттік лицензиясын көрсеткен. Әрі халықты жоғары пайыздық мөлшерлеме арқылы қызықтырыпты. Алматылық Сымбат қаржы ұйымына үй аламын деп отырған 14 миллион теңгесін құйып жіберген.

Сымбат Саламатқызы, салымшы:

- «Тұрғынүйқұрылысқа» ақша жинап жүргенімді естіді де, осы жерге алып келсеңіз, бір жылдың ішінде үйді алып алуға болады деді. Соған сендік. Содан шешіп алып, сол жерге салдық. Ең бірінші басында миллионнан бастадық. Арасында «500 әкел», «миллион әкел», анандай пайызың, мынандай пайызың өседі деген соң, соның бәрін беріп отырдық.

Қаржы пирамидасын құрғандар салымшылардың ақшасы түрлі жобаларға инвестицияланады деп сендіріпті. Сенімге кіру үшін олар бастапқыда уәде етілген пайыздық үстемені беріп отырған. Содан болар, көпті көрген қарияларға дейін имандай сенген.

Николай Мокроусов, салымшы:

- Бірінші айда 740 мың теңге сыйақы алдым. Екінші рет 2 миллион 300 мыңдай төледі. Артынша ұшты-күйлі жоғалды. Өмір бойы жиған ақшамды сеніп тапсырып едім.

Ал салымшылар көбейіп, құйылған қаржы артқан соң, компания өзінің алаяқтық ісін бастаған. Алданған жұрт компанияның бас директоры 26 жастағы Нұрлан Сағынбаев есімді жігіт дейді. Бірақ оның қазір қайда жүргенін ешкім білмейді. Атышулы қаржы ұйымының кеңсесі де жабылып, есігіне мөр басылған. Сөйтіп салымшылардың полицияға шағым түсіруден басқа амалы қалмапты. Қазір QI Trade-ке қатысты тергеу жүріп жатыр.

Қайрат Қасымбаев, Алматы қалалық ПД аға тергеушісі:

- Сағынбаевқа іздеу жарияланды. Компанияның шоттары бұғатталды. Қызметі тексеріліп жатыр.

Салымшылардың мұңын тыңдауға келген прокурорлар компанияның топ-менеджерлерінің шотын да бұғаттауды тапсырды. Ал QI Trade-тің аңқау халыққа көрсеткен мемлекеттік лицензиясы мұндай қызметке рұқсат бермейтін болып шықты.

Асхат Жақыпов, Медеу ауданының прокуроры:

- Бұл лицензия ақша жинау сынды қызметке рұқсат бермейді. Бірақ компанияға осындай лицензия берілген-берілмегенін анықтау үшін тергеуші Ұлттық экономика министрлігіне сауал жіберді.

Салымшылар алаяқтардың жаңа компания ашып жұртты алдауын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Ал құзырлы орын өкілдері мыңдаған адамды сан соқтырғандардың ісін жіті бақылауға алды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Қазір эфирде