{metadescription}
Алматыда жаңа жыл мерекелерінде тексеріс күшейтіледі
Алматыда жаңа жыл мерекелерінде тексеріс күшейтіледі

Алматыда жаңа жыл мерекелерінде тексеріс күшейтіледі

Аурудың азаймауына бірден-бір себеп – санитарлық талаптардың орындалмауы. Әсіресе кафе-мейрамханаларды жағалап думандатқанды жаны сүйетіндерді жөнге салу оңай болмай тұр. Десе де жаңа жыл мерекесі алдында шектеу шарасына шекесінен қараған осындай алматылық кәсіпкерлер жаппай айыппұл арқалады.

Әкімдік өкілдері бастаған мониторингтік топ түні бойы тығылып жұмыс істейтін мейрамханалар мен көңіл көтеретін орындарды жіті бақылауға кіріскен. Ал карантин ережесін елемей, корпоративтік кеш ұйымдастыратындар өте көп. КТК тілшісі де құзырлы орган өкілдерімен бірге көз жеткізіп қайтты.  

«Кезекті қонақ келді» деп кілттелген есікті қуана ашқан мейрамхана қызметкерлері тексерушілер тобын көргенде көзі шарасынан шыға жаздады. Абдырап қалған кафе әкімшісі бетпердесінің қайда қалғанын білмей әбігерге түсті.  

Алаңсыз думандатып отырған жастар бет-жүзін бүркеп, камераның назарына ілікпеуге тырысты. Ал тауыса алмаған тамағы мен сырасына ақша төлегендер амалсыздан кетуге мәжбүр болды.

Елімізде кесел кеулеп тұрғанына қарамастан кәсібін дөңгелеткендер 638 мың теңгеден айыппұл арқалап жатыр. Дегенмен олар кінәні өзінен емес, өзгеден іздеп, сан мың сылтау айтты. Тіпті ішімдікке сылқия тойып алған демалушылар шықпай, мазамызды алады деп ақталуға тырысты.

- Орнына тұрғызып, қуып шыға алмаймын. Есептесіп қойғанбыз. Қонақтар біздің нешеге дейін істейтінімізден хабардар, айттық, ескерттік.  

Түнгі сағат бір. Жауапты орган өкілдері қаланың қымбат ауданында орналасқан тағы бір көңіл көтеретін орынға бас сұқты. Даңғырлаған музыка өшіріліп, іштегі абыр-сабыр бір сәтте сап тыйылды. Алайда тексерушілерге таңырқай қараған қонақтар еш саспай, сауық-сайранын жалғастыра берді. Тек ескертуден кейін ғана ырғалып-жырғалып сыртқа шықты. Арасында  үйіне қайтқысы келмейтіні де бар.

- Басқа жерге түсте де барсаң, осындай көп адам. Ал сіздер тап түнде ұстап жатырсыздар. Күндіз неге тексермейсіздер?

Бас санитардың қаулысына сәйкес, санитарлық ережені елемеген адамға 83 мың теңге көлемінде әкімшілік жаза қарастырылған. Бірақ мониторингтік топ бұл жолы шектеу шарасына шекесінен қарайтын тұрғындарға тек ескерту жасаумен шектелді. Өйткені адамдарды жеке-жеке полиция бөлімшесіне тасуға ұзақ уақыт қажет.

Қайрат Нұрқасымов, Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы:

- Нысанда 70-80 адам болған кезде бізге қиындау. Өйткені «Боран» қызметі шектеулі, 80 адамды полиция бөлімшесіне апаруға ұзақ уақыт кетеді. Ондай кезде бір нысанға үш-төрт сағат кетеді. Қазір жүріп жатқан індеттің алдын алу – бірінші мақсат. Екінші мақсат – жұртқа түсіндіру. Түсінбеген жағдайда, өкінішке қарай, айыппұл салынып, материал сотқа жіберіліп жатыр. 

Алматыда соңғы екі айда карантин тәртібін бұзған заңды және жеке тұлғаларға 78 миллион теңге шамасында айыппұл салынған, 15 іс сотқа жіберіліпті. Қазір қалада 32 мониторингтік топ түні бойы тынбай жұмыс істеп жатыр. Құзырлы орган өкілдері ертең, яғни көпшілік асыға күткен Жаңа жыл мерекесінде тексеріс тіптен күшейетінін ескертіп отыр. Сондықтан тұрғындарды үйінен шықпауға шақырады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде