Ресей депутаттарының сандырағы Қазақстан президентін бейжай қалдырмады
Ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс беру керек. Қазақстан территориясының тұтастығына күмән келтіретін шетел арандатушыларына қатысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев үн қатты. Мемлекет басшысы бұл ойын «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жазған.
Автор: Ербол Тұрымбет
05.01.2021
Тіпті азаттық алғалы бері төл тарихымызды өзіміз әлі толық зерделемегенімізді айта келе, ашаршылыққа мемлекет тарапынан баға беру керектігіне тоқталды. Жалпы аталмыш мәселе бұған дейін де көтеріліп келе жатыр. Бірақ тарихшылар оның қолдан келеріне күмәнмен қарайды. Президент мақаласы жайында және тарихшылар пікірі:
Никонов пен Федоровтардың мәлімдемесіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қарсылығын білдірді. Ресей мемлекеттік думасы депутаттарының сандырағы президентті де бейжай қалдырмапты. Тоқаев мұндай сандалма сөздерге қоғам болып қарсы тұруға үндейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді.
Қоғам болып қарсы тұру дегені құр даңғазалықпен бітпей, төл тарихымызды түгендеуге нұсқаса керек. Президент мақаласында халқымызды миллиондап қырған ұлы нәубет ашаршылықтың алғашқы кезеңіне биыл ғасыр толатынын атап өткен. «Сол зұлмат болмағанда, бүгінде әлдеқайда көп болар ма едік?» деген өкініш Тоқаевтың өзегін өртейді. Президент осы жолғы мақаласында сол аштыққа мемлекеттік баға беру мәселесін тағы көтеріп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн.
1992 жылы арнайы комиссия бұл нәубетті «геноцид» деп қорытынды жасаған. Бірақ ол қаулы жетер жеріне жеткен жоқ. Тарихшылардың айтуынша, егер бұл мәселе көтерілетін болса, онда шығынның өтеуін Одақ мұрагері ретінде Ресейден талап етуімізге тура келеді.
Талас Омарбеков, тарихшы:
- «Ресейдің алдында Кеңестер одағының мұрагері ретінде қазақ халқының 2 миллионнан астам қырылған халықтың шығынын сұрауға, 36 миллион бас малдың материалдық шығынын қайтаруды талап етуге, осыған біздің қазіргі билік дайын ба?» деген сұрақ туады. Егер билік соған дайынбыз десе, онда бұл мәселені көтерген жөн. Егер билік дайын болмаса, құр геноцид деп айқайлағанымен, одан нәтиже болмайды.
Сыртқы арандатуға қарсы тұрудың жақсы бір тәсілі ретінде президент әз-Наурыздың тұжырымдамасын жасауды ұсынады. Сөйтіп мейрамның мазмұнын байыту керек дейді. Ол елдің бірлігін нығайтары анық.
Бірлікті нығайтудың тағы бір жолы – қазақ тілін меңгеру. Қазақ тілі халқымызды біріктіретін қауқарға ие екендігін айтып, оған қажетті барлық құқықтық тәсілдер қалыптасқанын да атап өткен. «Жалпы ағылшын тілін аз уақытта үйреніп жатқанда, мемлекеттік тілді меңгеру деген не тәйірі?! Ары- беріден соң, ол әрбір азаматтың парызы мен міндеті», - дейді Тоқаев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!