Теңге бір жылда 10 пайызға құлдыраған
Ұлттық банк былтыр теңгені қолдауға нарықта 1 миллиард 900 миллион доллар сатқан. Әсіресе ең үлкен интервенция доллар бағамы қатты өскен наурыз-сәуір айларында жасалған. Соның өзінде теңге бір жыл ішінде 10 пайызға құлдыраған.
Автор: Ербол Тұрымбет
13.01.2021
Жыл сайын ұлттық қордан тұрақты түрде бюджетке аударылатын қаражат та нарықта доллардан теңгеге ауыстырылған. Ол 9 миллиард доллардан сәл асады. Және квазимемлекеттік сектор да экспорттан түскен валюта пайдасының бір бөлігін нарықта сатқан. Оның көлемі 2 миллиард 100 миллион доллар. Сайып келгенде теңге былтыр көктем басында 17,2 пайызға құлдыраса, жыл соңына қарай 6 пайызға нығайып алды. Қазіргі көрсеткіші 1 доллар Ұлттық банк бағамымен 420 теңгеден сатылып жатыр. Бас банк ұлттық валютаның ендігі тағдырына оптимизммен қарап отыр.
Әлия Молдабекова, Ұлттық банк төрағасының орынбасары:
- Тұтас нарық 2021 жылы экономика қалпына келе бастайды деген оптимистік болжам айтып отыр. Жалпы дамушы нарықтарға қатысты ішінара, теңгеге қатысты біздің болжам жағымды сипатқа ие. Вакцинацияның кідірісімен, ОПЕК+ іс-қимылдарының келісімі және Covid-19 жұқтырғандар саны көбейіп жатқанына байланысты тәуекелдерге қарамастан, дамушы нарықтар тартымдылығын сақтап отыр.