{metadescription}
Былық: Шымкентте балабақша меңгерушісінің қызметінен кетуін талап етті
Былық: Шымкентте балабақша меңгерушісінің қызметінен кетуін талап етті

Былық: Шымкентте балабақша меңгерушісінің қызметінен кетуін талап етті

«Боғауыз басшы орнын босатсын»! Шымкентте ата-аналар мен тәрбиешілер балабақша меңгерушісіне қарсы шықты. «Өйткені тілі ащы басшы бізді малға теңеп, кейде қол көтереді» - дейді жиналғандар. Бұл аздай, ойыншық пен антисептик сатып алу үшін қызметкерлерден ақша жинайтын көрінеді. «Тіпті балалардың тамағынан ақша үнемдеп, балақайлар күнұзақ аш жүреді» - дейді ата-аналар.

Жиналғандар қатыгез басшының  қызметінен кетуін талап етуде. Ала тайдай бүлінген ұжымдағы ұрыс-керісті тілшіміз көріп келді.

Құрсай ықшам  ауданындағы Еркеназ балабақшасы сыртынан әп-әдемі көрінгенімен, ішіндегілер өзін абақтыда жүргендей сезінеміз дейді. Себебі, күніне бірнеше мәрте жалпы жиналыс жасайтын боғауыз басшы қит етсе, қырғын шығарып, аузына келгенін айтады екен.

 

-Е, адамсың ба, хайуансың ба? Бұл қаржы-қаражат! Е, мынауың мал ғой өзі. Мына сенің неге қалам ұстайды? А? Неге хайуанның қолы қалам ұстайды? Сендер хайуансыңдар ма, адамсыңдар ма? Жақын кел, мында, жақында мына жерге!

-Кешіріңізші, апай.

-Кө...  тығып қой кешіріміңді!

Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан басшы тілі жетпесе жұдырық ала жүгіреді екен. Тіпті бір  қызметкерін ұжымның көзінше ұрып та жіберген. Күйзелістен аяқ-қолы тырысып жүре алмай қалған әйелді жедел жәрдем ауруханаға алып кетіпті. Мұндағы 100-ге тарта қызметкер: «Бұл меңгерушінің күнделікті әрекеті, көңіл-күйі болмаса, көргеніміз қорлық пен зорлық» - деп отыр.

Әсия Дәуеева, тәрбиешінің көмекшісі:

 -Мысалы, басын көтерген тәрбиешілерді жоқ қып жібереді. жұмыстан шығарып жібереді. Мүмкін мені де шығарып жіберетін шығар. Адамның намысын қорлап, әсіресе екіқабат келіншектерді аямайды. Жас демейді, беріп отырған тәрбиесі осы.

Әбден зәрезап болған тәрбиешілер «жалақының жартысын көрмейміз» дейді. Мемлекеттік мекемедегі кез келген жыртықтың жамауын ұжымның мойнына   жүктейді екен. Дәретхана қағазынан бастап, ойыншықты да өздері сатып алады. «Тіпті жаңа екенін дәлделдеу үшін түбіртегін талап етеді», - дейді ашынған қызметкерлер.

Шәрбат Сәуірбаева, тәрбиеші:

-Егер үкімет бермесе, сол ойыншықтарды балабақша қызметкері алу керек деген заң бар ма?

-Жоқ.

-Біз аламыз ғой соны. Соны қарасын, мемлекет қарасын соны. Антисептик пен бетпердені де – бәрін біз аламыз.

-Қанша жалақыңыз?

-97 мың.

-97 мыңның қаншасы үйіңізге барады?

-Мен айтып отырмын ғой, 50 мың несие төлесем болды, қалғаны осы жерге келеді. 

 

Балабақша меңгерушісіне ата-аналар да қарсы шығып отыр. Өйткені мұнда балаларға тамақ там-тұмдап беріледі екен. Тауықтың екі санын қайнатып, 150 балаға сорпа жасаса,  екіншіге сол екі түйір тауық етін бөліп береді екен. Баламыз ашпыз деген соң ата-аналар өздері балабақша асханасына рейд жасап, жағасын ұстаған.

Халима Қазыбаева, ата-ана:

-Апа жармасын палауға бұқтырғандай суға бұқтырып-бұқтырып бере салған. Оның бетінде ет те жоқ, тас та жоқ. Сәбіз деген толып жатыр ішінде.

-Балаларыңыз аш па?

-үйге аш келеді. Кәдімгідей ас ішпегендей тамақ сұрайды.

Ал мекеме меңгерушісі Зина Молдақұлова ата-аналар мен ұжым осындағы бір-екі арандатушының сөзіне сеніп шу шығарып жатыр дейді. Өзіне тағылған айыптың бәрін жоққа шығарған ол, осы ұрыс-керіс басталардан бір күн бұрын өзін әлдекімдердің бопсалағанын айтады.

Зина Молдақұлова, Еркеназ балабақшасының меңгерушісі:

-Бұл жерде жазып қойған: егер сол ақшаны сағат пәленге дейін әкеп бермесең, ата-аналарды көтерем, тәрбиешілерді көтерем, ТВ-ны да әкелем. Басқаға мен жауап бермеймін.

-Баланың тамағы қайда кетті? Дөрекілігіңіз туралы қайда кетті?

Оның бәрі ұйымдастырылып отырған нәрсе!

Ал басшыға сенбейміз деген ата-аналар мен ұжым полицейлерге арыз жазды. Барлығының талабы – Зина Молдақұлова орнынан кетсін.

 

-Басшы кетсін! Басшы кетсін!

Бірақ басшының кетуі екіталай. Себебі ұжым мен ата-аналар осыған дейін де білім басқармасының басшысы мен қала әкімдігіне талай мәрте шағым түсірген екен. Бірақ Шымкенттің бас мұғалімі Жанат Тәжиева бұл бала-бақшада өзінің туыстары жұмыс істейтінін ел көзінше кесіп айтыпты. Сондықтан мәселеге құзырлы орындар назар аудармаса, шымкенттік шенеуніктерден қайран жоқ деп отыр.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Қазір эфирде