{metadescription}
Вакцина алуға барлық дәрігер келісіп жатқан жоқ – Нұр-Сұлтан 
Вакцина алуға барлық дәрігер келісіп жатқан жоқ – Нұр-Сұлтан 

Вакцина алуға барлық дәрігер келісіп жатқан жоқ – Нұр-Сұлтан 

Елордадағы дәрігерлердің барлығы екпе алуға келісіп жатқан жоқ. Алғашқы кезеңінде қалада жоспармен 6 мыңнан астам дәрігер ресейлік вакцинаны салдыруы тиіс болған. Біреулер денсаулық жағдайын алға тартса, кейбірі наурыз, сәуір айына дейін күте тұруды жөн санапты.

Вакцина қабылдау ерікті шара болғандықтан, бас тартатындар қатары әлі де артуы мүмкін. Қалада жыл соңына дейін 735 мың адам вакцина қабылдауы тиіс. Оның ішінде ақпанның басынан наурызға дейін 6300 медицина қызметкеріне екпе салу көзделген. Дегенмен қалалық денсаулық сақтау басқармасының бұл жоспары межелі көрсеткішке жетуі неғайбыл.

Вакцина 18-65 жас аралығындағы азаматтарға салынады. Бірақ вакцинаға медициналық қарсы көрсеткіші болса және коронавирустың симптомсыз ауыр түріне шылдықса – салынбайды. Жұқпалы ауруға шалдыққандар және коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар да тек карантин біткеннен кейін салдыра алады. Вакцина құрамындағы белгілі бір зат жақпайтын болса, анамнезінде ауыр аллергиялық әсер болса, аяғы ауыр немесе емізулі баласы болса да вакцина салынбайды. Мұндай жағдайлар вакцинаны алғаш боп қабылдайды деген дәрігерлердің өз арасынан да табылып жатыр.

Әлия Рүстемова, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Бірқатар медицина қызметкері онкологиялық және сол секілді ауруы болуына байланысты бас тартып отыр. Олардан бөлек, бірқатар әйел қауымы бала көтергісі келетінін айтып салдырғысы келмеді. Бас тартқандардың бір парасы әзір қоя тұрып, наурыз-сәуірде салдыруды құп көреді.

Әзір вакцина салдырмайтындардың қатарында елорданың бас санитар дәрігері де бар. Екпе салдыруға бірнеше қарсы көрсеткіші бар болғандықтан, бұл шараны Сарқыт Бейсенова кейінге қалдырған. Ал вакцина қабылдаған жағдайда үш күн бойы жақсы күтіну керек. Әсіресе ішімдік пен темекіні тыю керек. Оның бәрі арнайы ескертпе қағазда толық жазылған.

Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Үш күн алкогольдік ішімдік ішуге болмайды. Оған қоса ыстық жерге, буға түсуге болмайды, соның бәрін түсіндіріп айтамыз. Және суық тигізуге болмайды. Қазір алдыңызда отырмын. Бүгін таңертең сағат 10-да вакцина алдым. Хал-жағдайым жақсы. Маған да сондай түсініктемелер берді.

Дәрігерлердің айтуынша, екпе салған жер қызарып сәл  ауырса, уайымдаудың қажеті жоқ. Бірақ ыстығыңыз көтеріліп бара жатса, мамандар ибуфен немесе парацетамол ұсынады. Оған болмаса, дереу дәрігерге қаралу керек.

Еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың айтуынша, бір вакцинаның құны 11 мыңға шығады. Бірақ біздің елде вакциналау – тегін. Осы мақсатқа бюджеттен 50 миллиардтан аса теңге бөлінеді. Ал елордада 735 мың адамға екпе салу үшін 3 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде