Нұртілеу Иманғалиұлы: Эфирден алшақтасам – тұншығамын
Қазақ журналистикасындағы орны толмас қаза. Бүгін белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы бақилық болды. Марқұмның жүрегі 69 жасқа қараған шағында тоқтаған. Қазақ журналистикасының байтерегі осы салаға 45 жылын арнады.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
17.02.2021
Оның «Бай, қуатты болайық» деген тілекпен аяқталатын бағдарламаларын жұрт сүйіп көрді. Марқұмның мамандыққа деген адалдығы сонша, өмірінің соңына дейін эфирден түскен жоқ.
Ажалдың құрығы қазақтың маңдайына біткен Нұртілеуіне де жетті. Қаралы хабарды естіп, дүйім жұрттың қабырғасы қайысты. Өйткені қаламы қарымды журналист миллиондаған көрерменді баурай білген. Осы саладағы 45 жылында марқұм «Құрдастар», «Айна», «Бетпе-бет» сынды бірқатар авторлық бағдарламаларын жарыққа шығарды. Халқы Нұртілеуді «Қазақ журналистикасының корифейі» атаса, достары «Телевизияның тұлпары» деп кеткен.
Тілеуқабыл Мыңжасар, журналист:
- Жұмыста бірге отырамыз, сонда маған қарап отырған сияқты, көзіне қарасам, мені көрмейді. «Бұл не ойлап отыр?» деймін, үндемейді. Содан кейін сұраймын: «Сен жаңа маған қарап отырдың, бірақ үндемейсің ғой?». «Мен ана хабарды ойлап отырмын, миллиондаған көрерменді ойлап отырмын, ол кезде мен ештеңені көрмеймін» - дейтін. Сөйтіп талай хабар жасағанының куәсі болдым.
Қарапайым тілшіліктен басшылыққа дейін көтерілді. 2006-2007 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы болды. Марқұмның «Бай, қуатты болайық» деген сөзі жұрттың жадында мәңгіге жатталып қалды.
- Бәріміз бай, қуатты болайық!
Нұртілеу Иманғалиұлының өзі де бай әрі қуатты болды. «Байлығы – халқы, ал қуаты – шәкірттері еді» - дейді әріптестері. Талай ата-ана марқұмның құрметіне баласына Нұртілеу есімін берген. Халықтың ықыласы одан әрі шабыт беріп, ол сүйікті ісімен соңына дейін айналысты.
Серік Әбікен, «Жетісу» телеарнасының директоры:
- Өзінің бір эфирден алыстап қалған кезде айтқан сөзі бар еді: «Мына эфир, студия маған ауа секілді ғой. Одан алшақтасам – тұншығам» деген. Содан біздің «Жетісу» арнасында «Бай, қуатты болайық» деген хабар аштық.
Нұртілеу Иманғалиұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әрі Алматы облысының құрметті азаматы. Үш қыздың әкесі спортқа да жақын болған. Ақындық қыры да бар еді.
Серік Жанболат, журналист:
- Өмірде бұл кісінің жүрегі қылдай нәзік болатын. Өлең жазатын. Өнерге жақын. Бұл кісінің керемет хоббилері бар еді.Бұл кісі жас кезінде боксшы болған адам. Одан кейін бильярд, одан кейін бұл кісінің ғажап ет дайындайтын қасиеті бар болатын. Таң қаласың! Ғажап моншасы болатын. Бір бойына үлкен дүние де, кіші дүние де, қарапайымдық та, ғұламалық та сыйып жатқан адам еді ... мінездің де адамы еді.
Тележурналистика тарланының жастарға үйретері әлі де көп еді. Алайда тағдырдың жазуына шара жоқ. Соңғы жылдары марқұмның денсаулығы сыр беріп жүрген екен. Сол дерт бүгін таңертең оның жүрегін мәңгіге тоқтатты. Нұртілеу Иманғалиұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі бейсенбіде өтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!