Көксайдағы бейіттердің бір шеті тұрғын үйлерге жеткен – Алматы облысы
«Үйіміз зират ортасында қалатын күн қашық емес». Алматы облысы Көксай ауылының тұрғындары жапсарлас тұрған қорым толғанмен, әлі күнге адамдарды жерлеп жатқанына шағымданды. Айтуларынша, ауыл ақсақалының бірі әкімдікпен ауыз жаласып, ойына келгенін істеп жатыр. Ал бейіттердің бір шеті үйлерінің іргесіне жетіп қалған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
13.04.2021
- Мынаның ар жағының бәрі үй. Мынаны бір-екі күн бұрын жерлеп кеткен. Оны кім жерлегенін білмейміз.
Көксайдағы қорым мен үйлердің арасын тек қоршау ғана бөліп тұр. Оны тұрғындардың өзі амалсыз көтерген. Аузы-мұрнынан толған зират жайлап жылыстап, өлгендердің мекені тірілердің тұрғын жайына жақындатып жатыр.
Азамат Орынбетов, Көксай ауылының тұрғыны:
- Олар бизнеске айналдырып алды. Тоқтамайды, ешкімге бағынбайды. Әкімшіліктің адамы келді, «тоқтат» деді, оған да бағынбайды.
Тұрғындар қорым ішін қойып, енді тіптен үй іргесінде бейіт салатындармен алысып әлек. Былтыр осы уақытта түнде шарбақ түбін қазып мәйіт жерлемек болғандардың үстінен түсіпті. Айқай-шумен марқұмның денесін басқа аумаққа жерлеуге мәжбүрлеген.
Көксайлықтар осыдан бірнеше жыл бұрын «зиратқа енді ешкім жерленбейді» деген атқамінерлер сөзінде пәтуа жоғын айтады. Мұнда кімді қайда, қаншаға орналастыратынын ауыл ақсақалы шешеді екен. Бір қызығы, аумақ құжат жүзінде әкімдікке тиесілі. Осында жеткен әкім орынбасарына тұрғындар ым-жымын – бір, бірігіп орын сатасыңдар деп сұрақтың астына алды.
- Сіздер бірге алғансыз, 50 мың теңге. Егер сіз сол ақшаны алмайтын болсаңыз, онда неге осыны тоқтатып тастамайсыз?
Шенеуніктен мардымды жауап естімедік. Үй мен қорымның арасы заң бойынша қанша метр болуы керек екенін біле тұра, жағдайды өзінше түсіндірдіп бақты.
Серік Үмбетәлиев, Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- Үш жүз метрдей болуы керек қой.
- Қараңыз, мына жерде үй мен бейіттің арасы қанша метр? Кезінде беріліп кеткен ғой, мына жер. Зират болған кезде мына үйлер ол кезде болмаған.
Тығырықтан шығар жалғыз жол – жаңа зиратқа орын бөлу. Әкімдік: «Қарастырудамыз, ал әзірше мына қорымға ешкімді жерлеуге рұқсат бермейміз» - деп отыр. Бірақ бұл уәдеге тұрғындар сенбейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!