Жол сапасына жүрдім-бардым қараған шенеуніктер қызметінен қуылды
Шенеуніктердің кезекті легі жолға қатысты жазасын алып жатыр. «ҚазАвтожол» басшысының ізін ала, бүгін автомобиль жолдары комитетінің төрағасы мен бірнеше облыс әкімінің орынбасары қызметімен қоштасты.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.04.2021
Жол сапасына жүрдім-бардым қарағандардың жұмыстан қуылғанын Президенттің баспасөз хатшысы хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен автомобиль жолдары комитетінде жеті жыл басшылық қызметте болған Сайранбек Бармақов қызметінен босатылған. Ол соңғы екі жылда аталмыш комитеттің төрағасы болды.
Солтүстік Қазақстан облысының жолдарына да көп сын айтылады. Осы салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары Иван Турков та жұмысссыз қалды. Ең қызығы, ол бұл қызметке небәрі жарты жыл бұрын тағайындалған.
Ал жұмысынан кеткен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов Оңдасын Оразалинге тек бір жыл орынбасар болды. Бұл аймақта да шұрық-тесік жолдар жойылар емес.
Оралдың да тұрғындары тақтайдай тегіс асфальт қашан төселеді деп күтіп отыр. Жолдары жөнді жамалмай жаза арқалағандардың бірі – Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов. Қызметінен кеткен орынбасарлардың басшыларына қатысты қандай жаза қолданылатыны әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!