Тоқаев шенеуніктерге қандай тапсырма берді?
Қазақстандағы автокөлік өтетін шекара бекеттерінде санитарлық норма сақталмайды. Коронавирус инфекциясының белең алуына өткізу пунктеріндегі осы жағдайлар да әсер етіп отыр дейді президент.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
22.04.2021
Тоқаев Ақордада өткен жиында жырық жолдың жырын да айтты. Енді ұйқыдағы әкімдер мен министрлер тағы да мемлекет басшысының қатаң сынына ұшырау үшін жұмысқа шындап кірісуі керек. Шенеуніктерге қандай тапсырма берілді?
Елдегі күрделі жағдайға қарамастан ұшақ ұшып, пойыз жүйткіп, көліктер ары-бері қатынап жатыр. Президент шекарадан өтетін автокөліктерге алаңдаулы. Ол Ресей мен Атырау арасындағы көлік бекеті өңірдің эпидахуалының өршуіне әсер етіп жатқанын айтты. Үкімет пен аймақтағы басшылар санитарлық бақылауды күшейтуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ресеймен шекарада автокөлікпен өтетін бекеттің болуы өңірдің эпидемиологиялық ахуалына кері әсерін тигізуде. Автокөлік өтетін шекара бекетінде жауапты мекемелердің үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, жұрт шекарадан автокөлікпен өтетін орындарға қатаң санитарлық карантиндік бақылау орнатуды тапсырамын.
Індет кәсіпорындарда да ушыққан. Апта сайын ауру ошағы пайда болып жатыр. Мемлекет басшысы коронавирустың алдын алып, онымен күрес шараларын уақытылы қабылдау керек дейді. Вахталық жұмыс істейтіндердің денсаулығын жіті қадағалап, вирусты жеңуге вакцина көмектесетінін сөз етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз қазір халықтың жаппай вакцина алуын ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жұмыста ірі кәсіпорындар басты назарда болуға тиіс. Мұнай компаниялары қызметкерлерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге айрықша мән беріңіздер.
Жылдан аса уақыт коронавируспен алысып жатқан қазақстандықтардың тағы бір бас ауруы – жол мәселесі. Көктемде қармен қоса еритін Қазақстандағы жолдарға ел қазынасынан жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінеді. Бұл сома аз десеңіз, оған жергілікті бюджеттің де ақшасын қосуға болады. Жұмсалып жатқан миллиардтардан қайыр жоқ. Елдегі жолдар шұрық-тесік. Тоқаев тесілген асфальттарға жауаптыларды жұмыстан босатты, бірақ шенеуніктер мойнындағы жолдарды жөндеу керек деген жүктен арылмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек. Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс.
Елімізде сағызша созылған жолдар жетеді. Соның бірі – «Нұр-Сұлтан Алматы» автожолы. Ол әлі аяқталған жоқ. Президент тағы пәрмен берді, енді ол 2023 жылы пайдалануға берілуге тиіс. Сонда 8 миллион халық игілігін көреді.
Кедір-бұдыр жолдардың сапасына сол асфальтты төсеген мердігер жауапты. Ал Үкімет қай жолды қандай мердігер компания салып жатқанына бас ауыртпайтын секілді. Мұны Президенттің өзі де байқапты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жолдардың сын көтермеуі мемлекеттік сатып алуларға, тек белгілі бір мердігердің қатысуында жатыр. Енді мұндай ескертпеден кейін министрлер кабинеті мердігерлерді сұрыптап, олардың артынан қалмайтындай болып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!