{metadescription}
Түркістан облысында карьер кесірінен бірнеше ауыл суға жарымай отыр
Түркістан облысында карьер кесірінен бірнеше ауыл суға жарымай отыр

Түркістан облысында карьер кесірінен бірнеше ауыл суға жарымай отыр

Түркістан облысында өзен арнасынан тас алғандардың кесірінен бірнеше ауыл не ішерге, не егін суаратын суға жарымай отыр. Карьерге айналған соң жерасты суы тартылып қалған.  Экология департаменті  Боралдай өзенінің табанынан тас алуға болмайды деп айтқанымен,  ол сөз жүзінде қалған.

Ал карьер 13 жылдан бері бір күнге де тоқтамапты. Соның салдарынан өзен арнасы өзгеріп, маңындағы Көкбұлақ, Боралдай мен Қызыл сеңгір ауылдары жардың шетінде қалған.

Қаратаудан бастау алып Ордабасы ауданынан ағып өтетін Боралдай өзенінен тұрғындар су ішіп, егін суаратын. Бірақ сол жалғыз тіршілік көзінен енді мұндағы елге пайда болмай тұр. Себебі, 10 жылдан астам өзеннің табаны қазылып суы тартылып кеткен. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын үш метрден шығатын су енді 7-8 метрге дейін түсіп кеткен.

Әмір Сәдібекұлы, Ордабасы ауданының тұрғыны:

- Он жылдан асып кетті, 13 жылдай болды, бір карьер деген келгеннен кейін өзеннің ұлтаны төмен түсіп, ең ақыры біздің көрген қорлығымыз, арықтарымызда өзеннен су алу қиындап қалды. Техника жоқ. Тиыш жатқан кезде әшейін қамыспен, шыбықпен байлап ала беретінбіз. Содан ауылға сол су шығу қиын, құдықтан су алу қиын.

Өзеннен тас алу жыл он екі ай, күндіз-түні тоқтамайды екен. Тұрғындардың айтуынша, іргедегі зауыт өзіне тиесілі жерден емес, өзеннің өзге тұсынан тас, құм қазып жатыр дейді. Осыны айтып тұрғындар талай шулаған. Бірақ ауыл жұрты мен зауыт өкілдерінің қақтығысы қантөгіспен аяқталыпты.

Жайық Бимат, Ордабасы ауданының тұрғыны:

Он жыл бұрын бір айғайлап шыққанымызда Исақов Мелдеханның баласы он шақты рэкеттер мылтықпен, қару-жарақпен ауылдың бәрін қырып кеткен. Ұрып-соғып, кәдімгідей. Содан 10 жылдай қорқып жаттық. Ал енді жата берейік десек, ауылдың ашуы келіп жатыр. Қазір арығымызға бір грамм су шықпай қалды. Халықтың жанайқайы, шыдай алмай кеттік. Егер үкіметтен көмек болмаса, онда жолды жабайық, қырылысайық, соғысайық. Одан басқа амал жоқ.

Ашуға мінген ауыл халқы өзеннен тас алып жатқандардың жолын бөгеді.  Бұл жолы жұмысшылар техникасын тастап  қаша жөнелді. Қай-қайсынан сұрасаң да, тас алуға бүгін бірінші рет келдік дейді.

- Қанша уақыттан бері қазып жатырсыздар мына жерді?

- Келе жатыр, бастықпен қазір сөйлесесіз.

- Мына жерді қанша рет қаздың?

- Мен бірінші рет келдім, маған ештеңе айтпа.

Ауыр техника қаза берген соң, өзен арнасы бұрылып, іргесі жарға айналып кеткен. Мұндағы жұрт судың арғы басындағы бейіттерге де жете алмай отыр. Арнаның ауысуынан көктемде су көбейіп, жағасы опырылып жатыр екен.

Боралдай өзенінің арнасы тым жылдам ауып барады. Тұрғындардың айтуынша, көктемнің басында ғана екі ай бұрын өзен осы жерден 40 метрдей жерде ағып жатқан. Одан кейін бір су тасқыны болып, жер опырылып, су мына жерге дейін жетті. Енді бір тасыса ағаштар құлайды, ал ар жағында үйлер тұр.

Аудан шенеуніктер су деңгейінің төмендеуіне тас қазып жатқандар кінәлі емес, ол табиғаттың тосын сыйы дейді. Ал өзен арнасын көктемгі тасқын өзгертіп кетіпті-мыс. Себебі, талап бойынша техникалар өзен бойынан 50 метр жерде жұмыс істеуі керек дейді шенеуніктер.

Қыдырбай Сейітқұл, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:

- Комиссия жұмысшы топ құрылған. Егер ол заңсыз жұмыс істеп жатқан жағдайда ауыл әкімі ішкі істер бөліміне телефон соғып шақырып, сол техникаларға тосқауыл қоюға жұмыс жасалады. Биылғы судың қатты тасқыны секундына 60 текше метрге дейін аққан. Содан судың арнасы ауытқыған. Соның есебінен шығар. Қазір бірақ басына барып анықтаймыз.

Алайда атқамінерлер өзен бойына емес бірден аудан орталығына тартып кетті. Ал осыған дейін әкімдерге айтып, экология департаментіне жазып шаршаған жұрт өзеннен тас алғандарға тосқауыл күш барына сенбейді. «Шенеуніктерден қайран жоқ» деген ел енді өзен бойын торып, техника жүргізбейміз деп белсеніп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде